Еңбек министрі 42500 теңге туралы: Бірде-бір адам ақша алғаны үшін, жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды
Төтенше жағдай кезінде 42500 теңгені заңсыз алған қазақстандықтар жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы еңбек және қоғамдық даму министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 3,6 миллион азаматқа 157 миллиард теңге төленген.
"Бірде-бір адам 42500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны ана талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл - әлеуметтік төлем. Бұл - әлеуметке бағытталған төлем. Қазір елімізде төтенше жағдай, соған байланысты тұрғындардың табысы азайды. Екіншіден жауапкершілікке тартуға еш негіз жоқ", - деді министр.
Сөзінше, азаматтардың 42500 теңгені заңсыз алғандарға тағайындалатын жауапкершілікті сынға алуы түсініксіз жағдай. Нұрымбетов заңсыз алды дегеннін жалақыға ие болып жүріп, жәрдемақыға қосымша өтініш білдіргендерге қатысты екенін айтып кетті.
Еңбек министрі бұл жәрдемақының заң бойынша ТЖ кезінде ақысыз еңбек демалысына жіберілген азаматтарға тиісілі екендігін жеткізді. Айтуынша, осы жағдайға байланысты мемлекеттік сақтандыру қоры төлемге заңсыз ие болғандардан ақшаны кері қайтаруды талап етуге толық құқылы екен.
Сондай-ақ шенеунік 42500 теңгеге үш миллионнан астам қазақстандықтың берген өтініштері қабылданбағандығын атап өтті. Министр олардың өтініш берген кезінде дұрыс ақпарат енгізбегенін айтты.