400 оқушыға жетекшілік етіп, түнде кеңседе отырған: Жұмыс жүктемесінің кесірінен жас мұғалімнің жүрегі тоқтап қалған
Фото: Pixabay.com
Қытайда жас мұғалім 400 оқушыға жауапты болу және шамадан тыс жұмыс жүктемесінің кесірінен, стрестен өз кеңсесінде мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Scmp.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасы 30-дан асқан Ли есімді ер адам бес жыл Уханьдағы репетиторлық және білім беру компаниясында жұмыс істеген.
2012 жылы құрылған фирма бастауыш және орта мектеп оқушыларына ағылшын тілі мен математика курстарын ұсынатын онлайн платформаны жасайды. Оның 160 миллионнан астам пайдаланушысы бар.
Колледжді бітіргеннен кейін Ли сол орталыққа онлайн репетитор ретінде қосылды. Оған еңбек демалысына дейін жұмысын бітіріп кету үшін бірнеше күн қосымша жұмыс істеуге тура келген.
22 сәуірде Ли кеңсеге барып, түннің бір уағына дейін жұмыс істеді. Қалыңдығы онымен байланыса алмай, полиция шақырған. Келесі күні таңертең кіші қызметкер Лиді кеңседе жансыз күйде тапты. Оның жүрегі тоқтап қалған екен. Лидің отбасында қаржылық қиындықтар болыпты. Орталық үстеме жұмыс жоспарланбағанын атап өтті.
Жергілікті БАҚ-та бұған дейін де компаниядағы артық жүктеме туралы айтылған. Бұрынғы қызметкерлер бір мұғалімнің 400 оқушыға жетекшілік ететінін, ата-аналар үнемі мазалайтынын және жұмыс уақытынан алты сағат артық жұмыс істейтінін айтқан. Қызметкерлер дәретханаға барғанда немесе түскі үзіліс кезінде басшыларына хабарлауы керек екен.
Ванг есімді бұрынғы жұмысшы компаниядағы жүктемеге шыдамай, өткен жылдың соңында жұмыстан кеткен. Лидің қаза болғаны туралы хабардың келесі күні Чжан есімді тағы бір адам отставкаға кетті.
Қытайдың еңбек заңнамасы бойынша жұмыс күні сегіз сағат, аптасына 44 сағат, ал айына үстеме жұмыс уақыты 36 сағаттан аспауы керек.

“Ұлдан кешірім сұрамаймын” деді: Желіде "Тайсон қыз" деп танылған кішкентай ару туралы не белгілі
