Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырған екі азамат 100 миллион теңге табыс тапқан

Шымкент аумағында криптовалюта өндіру бойынша заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырған екі азаматтың қылмыстық іс-әрекетін қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлері әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында аталған тұлғалар жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, майнингтік ферма ұйымдастырғаны анықталды.

"Олар жалпы сомасы 370 миллион теңге болатын 1000 дана ASIC майнерлер (биткоин өндіру жабдығы) мен заңсыз өндірілген цифрлық активтер (биткоиндар) түріндегі мүлкі тәркіленіп, сәйкесінше 2 жылға бас бостандығынан айыруға және 2,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды. Жалпы, биыл жыл басынан бері қылмыстық табысы 400 миллион теңгеге жуық заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырудың 4 фактісі анықталды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан төндіретін тәуекелдердің туындауына әкеп соғады, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізудің іркілу және тапшылық тәуекелдері артады.

Қаржы мониторингі агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертеді.

"Егер сіз экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі", – деп ескертті қаржы мониторингі агенттігі.



Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз майнингпен айналысқандар бір тұрғын алабы тұтынатындай энергия жұмсап үлгергенін жаздық. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астананың аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажетімен парапар болатын.

Талқылау