Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"400 миллион теңге, 52 көлік": Nazira Gold қаржы пирамидасын құрғандардан тәркіленген заттар белгілі болды

Видеодан скриншот

Шымкент қаласында Nazira Gold қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаржы мониторингі агенттігі сотталушыдан қандай заттар тәркіленгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеуді қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізді.

Өзін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға ай сайын салынған қаржының 20-40% көлемінде табыс уәде еткен.
Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылып отырған.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам азамат тартылған.Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат автокөліктер, жер телімдері мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған.

Сот үкімімен 9 адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

“Сот шешімімен 402 миллион теңге, 52 автокөлік, жеке тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сондай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, үш баланың анасы Nazira Gold қаржы пирамидасын қалай құрғаны айтылған еді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 30 Қазан, 2025 10:29
Талқылау