40 мың теңгеден басталады: Астанадағы Backstreet Boys концертіне билеттер сатылымы қашан басталады
Фото: Backstreet Boys Instagram желісінен
Астанада 21 қыркүйекте өтетін Backstreet Boys тобының концертіне билеттер бағасы мен сатылымы қашан басталатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Астана Концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов әйгілі музыкалық топтың концерті 21 қыркүйекте "Астана Арена" стадионында өтетінін жеткізді. Билеттердің алдын ала сатылымы 14 шілдеде басталады. Ол белгілі бір банк картасы бар пайдаланушыларға қолжетімді болады. Негізгі сатылым 15 шілдеде Ticketon платформасында басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билетті сатып алудың 10 түрлі тәсілі болады. Оның ішінде шетелдік карталармен төлеу және бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.
"Билеттердің бағасы әлемдік турлармен салыстырғанда өте қолжетімді болады. Яғни, ең төменгі баға 40 мың теңгеден басталады. Бір адамға төрт билетке дейін сатып алуға рұқсат беріледі. Біз өз жұмысымызда ашықтықты толық сақтаймыз", – деді Мәлік Хасенов.
Сондай-ақ аты аңызға айналған топ Алматыда да концерт өткізетінін жариялады. Backstreet Boys ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл концерт 19 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді.
Еске салсақ, бұған дейін танымал Backstreet Boys тобының Қазақстанға гастрольдік сапармен келетінін хабарлаған едік.