Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баласының сыңары бар деп өтірік айтып, жерлеуіне ақша жинаған": Блогер алматылық әйелге алданып қалғанын айтты

Блогер, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы Аян Балауов есімді азамат көмекке мұқтаж келіншектің алдауына түсіп қалғанын айтты. Әйел егіз баласының бір қайтыс болып, жерлеуіне ақша жинап жүргенін айтып, көмек сұраған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды. 

Фото: 2022g.ru

Аян Балауов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшіліктен мұқтаж әйелге көмекке ақша жинауды тоқтатуды сұрады. Блогердің айтуынша ол ұлының жерлеуіне ақша керек деген әйелдің өтірігіне алданып қалғанын айтты.

“Біз қазір таңғалып отырмыз. Мұндай жағдайды бірінші рет бастан өткердік. Адамдар баласының өлімін сылтауратып, ақша алудың амалын жасайды екен. Диля есімді келіншек туралы айтып отырмын. Біз бұған дейін ол туралы видео түсіріп, қайырымдылыққа ақша жинай бастаған едік. Алайда бәрі біз ойлағандай болмай шықты”, – дейді Аян Балауов.

Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын көшеден компот сатып тұрған әйелді кезіктірген. Жағдайын сұрап, мән-жайды анықтаған кезде оның әлеуметтік жағдайы жақсы екенін, бірақ баласы қайтыс болып оның бейітін тұрғызуға ақша жинап жүргенін біледі. 

“40 күн бұрын егіз баласының біреуі қайтыс болғанын айтты. Өзі компот сатып, баласының жерлеуі мен бейітін тұрғызуға ақша жинап жүр екен. Бізге 4 баласы барын айтты: бір, 4 жастан асқан егіз балалары мен қолында тұрған 2 айлық сәбиі. Айтуынша, егіз баласының бірі қайтыс болыпты. Сөйтіп біз келіншек туралы видео түсіріп, қайырымдылыққа ақша жинаймыз деп жарияладық. Адамдар сол сәтте белсенділік танытып, қомақты қаражат жинап тастады”, – дейді қайырымдылық тобының мүшесі Айдын Балауов.

Әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланған соң сол келіншекке бұған дейін көмектескен адамдар байланысқа шыққан. Олар Диляны танып, оның өтірігін әшкереледі.

“Шындығында, оның баласының сыңары мүлдем болмаған. Келіншекке бұған дейін көмектескен адамдардың қолында оның өтірік айтып тұрғанын дәлелдейтін қағаздар бар. Диляға жақсы баспана берілген, қажетті көмек көрсетілген екен. Бірақ қазір оның тұрмысы нашарлап кеткені белгілі болды”, – дейді қайырымдылық тобының мүшесі Ақерке Бейсенбек.

Келіншектің бұған дейін біраз адамдардан көмек алғаны туралы бар ақпарат пен айғақтар бар. Блогердің айтуынша, оған үй алып берген, азық-түлік, киім-кешек жағынан көмектескен екен. Тіпті балаларын балабақшаға, өзін жұмысқа орналастырған көрінеді. Алайда уақыт өте келе әйел бәрінен бас тартқан. Мән-жайды өзінен сұрағанда кейбір сөздері бір-біріне сәйкес келмейді. 

“Қазір ақша жинауды тоқтатқанымызды айтпақпын. Бізде екі таңдау тұр: біріншісі, жиналған ақшаны халыққа қайтарамыз, екіншісі, қаражатты көмекке зәру басқа отбасыға жинап береміз. Әрине, егер сіздер қарсы болмасаңыздар”, – дейді Айдын Балауов.

Сондай-ақ олар келіншектің өтірік айтқанын дәлелдейтін айғақтарды алдағы уақытта желіде жариялауға уәде етті.

Желі қолданушылары блогердің бастамасы дұрыс екенін, алайда халықтан қаржы жинамас бұрын мұқтаж отбасы туралы толық ақпаратты біліп алу керегін айтып ескерту жасады. 

“Бірінші баланың қайтыс болғанын дәлелдейтін құжатты тексеріп алмайсыңдар ма?”, “Оның сөздеріне жаә ғана сене салдыңдар ма?”, “Бір отбасыға көмектескілерің келген екен, ол туралы барлық ақпаратты тексеріп алған жөн”, “Қалай тексердіңіздер, көршісінен, жақындарынан сұрамадыңыздар ма?”, “Бос әңгімеге сеніп мұндай үлкен жауапкершілікті алуға болмайды”, – деп жазды желідегілер.

 

Талқылау