"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді

Дубайда қалған қазақстандықтар соңғы күндері қалада не болып жатқанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. Олардың сөзінше, таңғы уақытта жарылыс дауысы естіліп, ғимараттар дірілдеген, ал тұрғындарға шұғыл түрде паналау туралы хабарламалар келген. Қазір Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты төрт мыңнан астам отандас елге қайта алмай отыр.
"Туристік Қамқор" қорының мәліметінше, шетелдегі қазақстандық туристер екі санатқа бөлінеді. Олар өз бетінше сапарлағандар және туркомпания арқылы барғандар. Қазір туроператорлар арқылы Таяу Шығысқа барған отандастарымыздың басым бөлігі БАӘ мен Катарда, сондай-ақ Мекке мен Мәдинада жүр. Қазір туркомпаниялар арқылы саяхаттап барған қазақстандықтардың саны мынадай:
- БАӘ – 3 мыңнан астам адам;
- Катар – 1 мыңнан астам адам;
- Мекке мен Мәдина – шамамен 200 адам.
"Туркомпания арқылы барған қазақстандықтарға тұратын орын берілген, олар қонақүйлерге орналастырылған, жағдай тұрақты. Оларды дәл осы жерде көмек пен қолдау іздеп жүрген негізгі жолаушылар тобымен шатастырмауды сұраймыз. Біздің туристер кепілдік беру жүйесінің толық бақылауында және туроператорлардың қолдауында. Қазір әртүрлі ақпарат тарауда, туристер қоңырау шалып, өздерін қараусыз қалдырды деп айтып жатыр. Бірден олардың туркоды бар-жоғын нақтылап алыңыздар", – деді Рей дүйсенбі күні өткен брифингте.
"Бала-шағама жете алмай кеттім"
Назгүл Тұрысбекованың айтуынша, жарылыс сәтінде қонақүйдегі барлық қонақ ресепшенге жиналған. Жарылыс дауысы тым жақыннан естіліп, терезелері қатты дірілдеген.
"Жарылыс дәл жанымыздан болғандай әсер етті. Терезелер қатты дірілдеп кетті. Бір нәрсе жарылғаны анық естілді. Сол сәтте телефонға ескерту хабарламасы келе бастады. Терезе “тақ” етіп, сарт ете қалды.
Бізге “Қазіргі жағдайға және ықтимал зымыран қаупіне байланысты шұғыл түрде жақын маңдағы қорғалатын ғимаратты паналау қажет. Терезелерден, есіктерден және ашық алаңдардан аулақ болыңыздар. Қосымша нұсқаулықты (MOI) күтіңіздер” деген мазмұнда хабарлама келді", – дейді Назгүл Тұрысбекова.
Фото: Назгүл Тұрысбекованың жеке архивінен
Оның сөзінше, олар құжаттарын ғана алып, қауіпсіз жерге шығуға мәжбүр болған. Жарылыстың үні қатты естіліп, айнала абыр-сабырға толған. Тіпті тоғызыншы қабатта жатқан бөлменің өзі дірілдеп кеткен. Қорқыныштан көз ілу де қиын болған. Келесі күні Назгүл жағдайдың тынышталғанын айтады. Таңды зорға күткендерін жеткізген ол, сол сәтте бүкіл өмірі көз алдынан өткенін жасырмайды.
"Қанша жұмыс, қанша жоспар десек те, бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалады екен. "Бала-шағама жете алмай кеттім ғой" ой жанымды ауыртып барады. Жаңалықтарда Дубайдағы әуежайлардың біріне жарылыс болғаны туралы ақпарат тарады. 3 наурызға алынған билеттер кері қайтарылған. Сондай-ақ 3 және 4 наурыз күндері елге қайтуы тиіс туристердің де билеттері күшін жойған", – дейді Назгүл Тұрысбекова.
Қазір олар Дубайда қалып отыр. Кеше яхта серуендері мен Global Village уақытша жабылғанымен, қала ішінде өмір бірқалыпты жалғасып жатыр екен. Назгүлдің айтуынша, өткен түні Дубай билігі әуеде ұшып келген зымырандарды тосып алып, жедел әрекет еткен.
"Осы кезде Дубай дәл өзінде болғаныма қуанып жатырмын. Мұнда да жедел әрекет етіп жатыр. Алайда қашан елге оралатынын белгісіз. Соны күтіп отырмыз", – дейді Назгүл Тұрысбекова.
“Наразылық білдіріп жатқан қонақтардың көбі – қазақтар”
Айнұр Шанбай қазір Катардың Доха қаласында екенін айтады. Ол қонақүйде жұмыс істейді. Оның айтуынша, күндіз-түні жарылыстардың дауысы естіледі.
"Аспанда әуе қорғанысы іске қосылып, ракеталарды ұстап қалуға тырысып жатыр. Ұстап қалып та жатыр. Бірақ адамдар жұмыстарын істеп жатыр. Себебі бомбалар қалаларға бағытталмаған және қайтарылып жатыр жетпей. Басшылық паникаға берілмеңдер, жұмыстан кейін тек үйде отырыңдар деді. Бірақ жағдай өршігіп жатқан сияқты. Ал бізде қонақ үйге демалуға келген қонақтар бассейн, пляж неге жұмыс істемейді", – дейді Айнұр Шанбай.
Айнұр Шанбай Дохадағы қауіпті жағдайға қарамастан, кейбір қонақтардың демалыс қызметтерін талап етіп жатқанын айтып, мұндай әрекетке таңғалғанын жеткізді.
"Неге қалаға шығып қыдыра алмаймыз?" деп наразылық білдіріп жатқандар бар. Таңғаламын. Дәл жаныңда болып жатқан оқиғаларды көріп, жарылыс даусын естіп отырып, қалай қыдыру туралы ойлауға болады? Бассейн мен жағажайдың жабық болғанына наразы болып, “оның орнын басқа қызметпен толтырыңдар” немесе “ақшамыздың жартысын қайтарыңдар” дейді. Тіпті “сендердің елдеріңде соғыс болып жатқанына біз кінәлі емеспіз ғой” деген сөздерді де айтады. Жағдайдың қаншалықты күрделі екенін әлі де толық түсінбейтін сияқты. Өкінішке қарай, наразылық білдіріп жатқан қонақтардың көбі – қазақтар", – дейді Айнұр Шанбай.
Айнұр жолдасымен арнайы мерейтойын атап өту үшін Ресейден келген кейбір қонақтар барлық қызметтің ашылуын талап етіп жатқанын айтады.
"Үйленгенімізге 5 жыл толуын атап өту үшін арнайы келген едік. Бірақ мұндай жағдайға тап боламыз деп кім ойлаған… Бұл не деген сұмдық?! Көпшілік “әуе жолын ашыңдар” деп байбалам салып жатыр. Әрине, бәрін түсінуге болады. Әркімнің жүрегінде қорқыныш бар. Бірақ ең қиыны біз де қарапайым адам ретінде іштей қорқып, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Соған қарамастан, қонақ үй қызметкері ретінде сабыр сақтап, қонақтарды тыныштыққа шақырып, паникаға берілмеуін өтінуге мәжбүрміз. Өзіміздің де көңіліміз алай-дүлей болып тұрса да, сырт көзге салқынқанды көрінуге тырысамыз", – дейді Айнұр Шанбай.
“Ғимарат жарылыстан теңселіп кетті”
Ажар Шаухарова да Дубайдың Теком ауданында таңғы сағат 09:00 шамасында екі рет қатты жарылыс дауысы естілгенін айтады.
"Бұл жолы ғимарат жарылыстан теңселіп кетті. Бүгін енді тыныш болар деп ойлап едім. Бірақ, көпшілік айтқандай, бұл жағдай наурыздың 4-іне дейін жалғасуы мүмкін. Әлде бұл тек бастамасы ма… Алла аспанымызды ашық, тыныш етсін", – дейді Ажар Шаухарова.
Ал Әйгерім Амангелдинова Дубайда тұратынын айтады. Оның сөзінше, соңғы екі күнде жарылыс дауыстары естілген. Қала ішіндегі бірнеше ғимаратқа жарықшақтар түскен. Әуеде ұшқышсыз ұшу аппараттары байқалған. Хабарламаларда айтылғандай, олар терезеден алысырақ жатып ұйықтаған. Көршілердің көбі түнеуге автотұраққа кеткен. Ол мұндай қорқынышты бұрын-соңды сезінбегенін айтады.
Фото: Әйгерім Амангелдинованың жеке архивінен
“Қайда барарымызды да білмейміз”
Астаналық Шахноза сегіз жасар қызымен бірге дәл қазір Қатарда жүр. Дохадағы демалысы жоспар бойынша өтіп жатқан. Алайда сенбі күні таңертең жағажайда жүрген кезде басталған әскери қақтығыс туралы хабарламалар келе бастаған.
"Басында түсінбей қалдым. Кейін басқа демалушыларға қарай бастадым. Бәрінің телефонына түрлі дабыл хабарламалары келе бастады. Адамдар абдырап, не болып жатқанын түсінбей қалды. Әуелде ерекше ештеңе емес шығар деп ойладық. Сосын бассейнге барып, күнге қыздырынып жаттық. Кенеттен қатты гүрсіл естілді. Кейін білсек, дрондар зымырандарды атып түсіріп жатқан екен. Бірақ жарылыстың өзін көрген жоқпыз", – дейді Шахноза.
Демалушылар орындарын тастап, тез арада қонақүйге қайтқан. Ақпараттың жетіспеушілігінен кейбір адамдар үрейге берілген. Жергілікті ұлттық қауіпсіздік қызметінен хабарламалар кешірек келе бастаған. Тұрғындарға ғимарат ішінде болу ұсынылған.
"Екінші күн қатарынан қонақүйдегі жағажайлар жабық. Тіпті ауладағы бақта серуендеуге рұқсат жоқ. Тек қонақүй ішінде және нөмірде болуға болады. Тамақтандыру қалыпты режимде жүріп жатыр. Бүгін түрлі ел азаматтарын тіркеп жатқанын көрдік. Кезек өте үлкен. Әрине, қорқынышты. Бүгін таңертең тағы да гүрсілден ояндық. Қауіпсіздік үшін киімімізді шешпей ұйықтаймыз. Құжаттар салынған сөмкені дайындап қойдық. Бірақ қайда барарымызды да білмейміз", – дейді қазақстандық әйел.
Оның айтуынша, жаппай дүрбелең байқалмайды. Адамдар супермаркеттерге барып, кафелерде отыр. Бүгін көпшілікті қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстырған.
“Бәрі күріш, қант, тұз, су сияқты өнімдерді көптеп алып жатыр”
Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген қазақстандық әйел өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты ахуал туралы айтып берді. Оның сөзінше, ресми дереккөздер жағдай толық бақылауда екенін хабарлағанымен, қоғам ішінде белгілі бір алаңдаушылық сезіледі. Жанармай құю бекеттерінде кезек көбейген, кейбір банкоматтарда қолма-қол ақша таусылып жатыр, ал супермаркеттерде бірінші кезектегі азық-түлік белсенді түрде сатып алынуда.
"Бізде жаңалықтардың бәрі шектеледі, ресми арналар “бәрі бақылауда” деп жазады. Әлеуметтік желілерде теңіз үстінде зымыранның атып түсірілгені туралы, оның Абу-Дабиге қарай бағытталғаны жөнінде видео тарады. Қазір жанармай бекеттерінде кезек бар, кейбір банкоматтарда ақша жоқ. Мен қолма-қол ақша алу үшін үш жерге бардым. Супермаркеттерде ашық дүрбелең байқалмайды, бірақ жағдай түсінікті. Арбалар жетіспейді, адамдар күріш, қант, тұз, су сияқты өнімдерді көптеп алып жатыр. Мысалы, Mall of the Emirates сауда орталығындағы Carrefour дүкенінде ет сөрелері бос қалған", – дейді отандасымыз.
Айтуынша, жергілікті тұрғындар, әсіресе Таяу Шығыс елдерінен шыққандар, жағдайға сабырмен қарап отыр. Ал мұндай жағдайды бұрын бастан өткермегендер көбірек алаңдаулы. Сондай-ақ әйел жалған немесе рұқсат етілмеген ақпарат таратқаны үшін 200 мың дирхамға дейін айыппұл қарастырылғанын атап өтті.
Air Astana әуе компаниясы да Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты өңірде қалып қойған жолаушыларға қонақүйлерде уақытша орналастыру ұйымдастырылғанын мәлімдеді.
Жолаушылар бір тәулікке тегін қонақүйге орналастырылды. Көмек төмендегі қалалардағы жолаушыларға көрсетілген:
- Доха – 174 адам;
- Дели (Алматы – Дубай рейсі) – 231 адам;
- Дубай – 330 адам.
"Қалыптасқан жағдайдың форс-мажорлық сипатына қарамастан, әуе компаниясы жолаушыларды бір тәулікке қонақүйге орналастыруды қамтамасыз етті. Сондай-ақ Дубайдағы Flora Al Barsha және Flora Creek қонақүйлерімен Air Astana жолаушылары үшін тегін мерзім аяқталғаннан кейін арнайы тарифтер ұсыну жөнінде келісім жасалды", – деп хабарлады компания өкілдері.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді