4 күн бойы із-түссіз жоғалып табылған бүлдіршін мән-жайды өзі айтып берді (видео)
Алматы облысында 4 күн бойы із-түссіз жоғалып табылған Әбілқайыр мән-жайды өзі айтып берді. Ол тау мен тасты аралап жүріп қыстаққа адаспай барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
7 жастағы Әбілқайыр қыстаққа жету үшін жаяу таудан өтіп, суды да кешіп өткен.
«Қыстаққа барғым келді. Сол жаққа бардым, ол жақта ағалар бар екен. Ерлан, Андрей деген. Біреуі орыс, біреуі қазақ. Сол жақта жүрдім. Мал бар екен»,- дейді бүлдіршін.
7 жасар Әбілқайыр бұл аймақта бұрын болмаған. Тауға шығып қыстақты көрген соң сол жаққа бет алған.
Қазір 4 күн бойы іздеуде болған Әбілқайыр Сейітжанұлына арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалған және баланы интернатқа өткізу жайы да талқыланып жатыр. Себебі, оның анасы жанында емес. Ал әкесі жалданып жұмыс жасайтын көрінеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, баланың жоғалғандығы жөнінде хабар Алакөл аудандық ІІБ Қабанбай ауылындағы бөлімшесіне Әшім ауылының тұрғыны хабар берген.
Алакөлдің полицейлерін аяғынан тік тұрғызған балақай Әшім ауылынан 3 шақырымдай жерде орналасқан қыстақтан табылды. 4 күн бойы жоғалған ұлды іздестіруге ауыл тұрғындары, мектепте істейтін жұмысшылар, әскери қызметкерлер мен 200-ге жуық еріктілер ат салысқан.