34 млн теңгеден басталады: Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа уәде еткен темір тұлпарын сыйлады

Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Димаш Құдайберген уәде еткен көлігін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Михаил Шайдоров Милан Олимпиадасында топ жарғаннан кейін Димаш Құдайберген оны құттықтап, автокөлік сыйлайтынын айтқан.
"Құрметті ағайын, не деген мереке, не деген той! Мұз үстіндегі өнерің сені чемпион ғана емес, дүйім жұртқа рух пен шабыт сыйлаған үлкен азаматқа айналдырды. Халқымыздың алдындағы борышыңды өтедің. Әнімді орындап, мені де марқайттың! Мишабай, бауырым, Олимпиада алтыны құтты болсын! Ағаң Дениске, халқыңа берген сертіңді орындадың. Мұз үстіндегі болашағың жарқын болсын. Талантпен әлемді бағындыра бер! Олимпиадада менің орындауымдағы әнді таңдағаның да қуантты. Саған темір тұлпар сыйлаймын", – деген еді Димаш Құдайберген.
Кейін белгілі болғандай, Димаш уәдесінде тұрып, Михаил Шайдоровқа Hyundai компаниясының Hyundai Palisade автокөлігін сыйлады. Бұл көліктің нарықтағы бағасы 34 миллион теңгеден басталады.
Фото:Stan.kz collage
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Олимпиадада еркін бағдарламада Димаш Құдайбергеннің орындауындағы SOS d’un terrien en détresse әніне өнер көрсетті.
Қос бағдарлама қорытындысы бойынша ол 291,58 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Осылайша спортшы елімізге 32 жыл күткен алтын медальді сыйлады.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?