Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кез келген адам шетелде оқи алады": Қазақстандық ару $320 000-ның грантын ұтып, 20 елді аралаған

Әлемдегі үздік университеттің түлегі Айдана Асылбекова алдымен НЗМ-де (Назарбаев зияткерлік мектебі - ред.), сосын FLEX бағдарламасы арқылы америкалық мектепте оқып келген. Білім ордасынан түлеп ұшқаннан кейін 320 мың доллардың грантын жеңіп алып, үздік жоғары оқу орнына түскен бойжеткен Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне шетелде оқу арқылы не түйгенін, алған білімін қай бағытта пайдаланатынын айтып беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. 

Біздің қоғамда шетелде тек жағдайы бар, дәулетті адамдар оқи алады деген түсінік қалыптасқан. Айдана Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында осы түсініктің бұрыс екенін түсіндіріп, аянбай еңбектеніп жүр. Ол тілді білген адам қалаған оқуына түсе алатынын жазады. 

"Шетелде оқысам деген арман кішкентай күнімде анамның арқасында пайда болды. Менің анам "Болашақ" бағдарламасы арқылы Германиядағы университетке оқуға қабылданған. Бірақ ол бізді екі жылға тастап, шекара асып кете алмады. Дегенмен, сол кезден бері ол шетелде оқудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын санамызға құйып келді. Сабақты жақсы оқысақ, ағылшынды білсек, әлем аралап, үздік университетте білім ала алатынымызды түсіндірді", — дейді Айдана.  

FLEX бағдарламасымен шетелге аттанбай тұрып, кейіпкеріміз еліміздегі мықты жоғары оқу орындарының қатарына кіретін КИМЭП университетінде білім алуды армандаған. Бірақ америкалық мектепте оқып жүргенде төрт жылда жиырма елді аралатып, саяхаттау арқылы білім беретін университет жайлы естиді. 

"Бір семестр көлемінде топпен бірге басқа мемлекеттерге шығып, сабақ өтетін оқу орны мені қызықтырды. Ол туралы интернеттен бар ақпаратты жинап, оқуға қабылдануға қарқынды дайындала бастадым. Нью-Йорк университетіне түсуге өтініш білдірген 60 мың адамның  4-5 пайызы ғана оқуға қабылданады. Сондықтан түсе алмай қаламын ба деген ой да болды", — деді кейіпкеріміз. 

Ол жоғары оқу орнына қабылданып қана қоймай, университеттен құны 320 000 долларды құрайтын грантты ұтып алған. 

"Нью-Йорк университеті әлемдегі ең қымбат жоғары оқу орындарының қатарына жатады. Бір жылдық оқудың құны — 80 000 доллар. Дегенмен бұл білім беру ордасы ата-анасының қаржылық жағдайы төмен студенттерге көмек көрсетуге дайын. Ол үшін студенттің анасы мен әкесі табатын табыстың бір жылдық көлемі 65 доллардан аспауы тиіс. Студент отбасының табысы пен шығысы көрсетілген құжатты өткізсе, университет қаржы бөледі. Егер студенттің әке-шешесі оқу құнын мүлдем төлей алмаса, оқу орны бір жылға 80 000 доллар көлемінде ақша беріп, көмек көрсетеді. Төрт жылдың ішінде ол 320 000 доллар алады", — дейді Айдана. 

Бойжеткеннің сөзінше, университеттегі білім беру әдісі бұрын-сонды ешқандай ортада қолданылмаған. Студент оқып, үйренгенін теорияда емес, тәжірибеде көп қолданса, өмірде табысқа жетеді. Университет осыған толық сенімді. Төрт жылдың ішінде Дубай, Сидней, Нью-Йорк пен Лондонда оқып, өзге елдің мәдениетін көрген отандасымыз келешекте көшпенді өмір салтын ұстануды жоспарлап отыр. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Айдана Дубайдағы халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейді. 
 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау