Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30 жыл бойы араққа салынған күйеуінен қорлық көрген түркістандық әйел сегіз жылға бас бостандығынан айырылды

Түркістан облысының Қарамұрт ауылының тұрғыны Лобар Хажиева араққа салынған күйеуінің азабын 30 жыл бойы тартып келді. Енді бейбақ әйел өмірін тозаққа айналдырған адамның өлімі үшін 8 жылға түрмеге қамалуға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Лобар Хажиева

Мәліметтерге сенсек, ол күйеуінің мойнын өзінің белдігімен қылғындырған. Әйел бұл жағдайды аффект деп бағалауды сұрайды. Алайда сот бұны ескерген жоқ. Ал көпбалалы ана үшін отбасылық өмірі – қорқыныш пен үрейден тұратын жалғыз аффект. 

2023 жылдың 11 сәуірінде күйеуі Олжабай Хажиев үйге мас күйде келіп, ұйықтап қалған. Оянған соң әйелінен ішімдік үшін ақша талап еткен. Оның соңғы ақшасы – 1500 теңгесін әмиянынан алып, кетіп қалады. Кешке қарай ол аяқтарын әрең басып жүрген. Үйдің табалдырығында отырып, тіпті аттауға да шамасы келмейді. Лобар кешкі ас әзірлеу үшін ұлына көршілерден кем дегенде жұмыртқа алып келуді сұрайды. Ал мас күйеуін үйге кіргізуге тырысады. Ал күйеуі сол кезде табалдырықта дәрет сындырмақ болады. Ол әйелінің әрекетіне ренжіп, оған насыбай араласқан жасыл түсті сілекейін түкіріп, бетіне жағады.

Сол сәтте Лобар ашуға беріліп, оның белдігін шешеді. Әрі қарай оны күйеуінің мойнына орап, күшпен өзіне тартады. Араққа сылқия тойып алған Олжабай бүйірімен құлап, ауыр тыныс ала бастайды. Сол кезде әйелі мен балалары оны қайтыс болады деп мүлде ойламаған. Мас күйіндегі күйеуін үйге әрең кіргізіп, ұйықтатады. Таңертең оянады деп ойлайды. Бірақ таңертең оның жансыз денесін ғана көреді. 

Сот тергеуі мен процесс барысында Лобар Олжабаймен бірге сүрген өміріне мүлдем шағымданған жоқ. Ол өзінің ауыртпалығын айтып, аяушылық тудырмай, жағдайдың құрбаны болып көрінуге тырыспады. Өзінен басқалардың бәріне кінә тақпады. Ол өзіне түскен сынақты сабырмен қабылдағандай болды. 

"Ол әйелдің өмір бойғы міндеті еркегіне “шыдау” деп түсінді. Дегенмен ол бес жыл бұрын полицияға жүгінген. Учаскелік полицейлер отбасылық бұзақыны бірнеше күнге қамаған. Кейін ол үйіне қайтқан соң отбасын қорқыта бастаған. Бұл әйелдің полициядан көмек іздеу туралы барлық ықыласын басып тастады. Екі рет маскүнемдер емханасында емделген, бірақ пайдасы болмады", – деді Лобардың адвокаты Гүлайхан Тұрсұманова.

Олжабай ішпеген кезде шаштараз болып жұмыс істеген, тіпті үйіне қосымша құрылыс та салып алған. Бірақ уақыт өте келе ішімдік ішпеген кезі азая түскен. Ал Лобар кез келген жұмысқа жармасып, көршілерінің бақшасын қазу, кафеде ыдыс жуу, мал бағу сияқты жұмыстарды істеуге мәжбүр болған. Ал күйеуі әйелінің тапқан табысын араққа жаратып отырған. 

"Дегенмен менің қорғауымдағы әйел мұның бәріне шағымданған жоқ. Отбасының басынан не өткергенін куәгерлер, яғни балалары мен көршілері айтып берді. Бес қарамұрттық әйел, біздің студияға және кейін Түркістандағы сотқа қуана куәлік беруге келді. Лобардың өмірі туралы шындықты ашу үшін... Олардың айтуынша, көз жұмған азамат ішетін әрі бұзақылық жасайтын. Әйел балаларымен бірге арықтарда қаншама рет жасырынып жүргенін көрген. Көршілеріне де баруға ұялатын. Содан кейін үйдің шатырында түнеу үшін орын жайғастыратын", – деп түсіндірді Лобардың адвокаты.

Олжабай мен Лобардың төрт баласы бар. Әйел әкелерінің тоқтаусыз маскүнемдігінен қорғау үшін үлкен қызын ерте тұрмысқа берген. Кіші ұлы мектептен кейін оқуға кеткен. Ал үлкен ұлы оның сорына айналды. Кішкентай кезінде әкесі мас күйінде оны құлатып, қол арбадан түсіріп алған. Осыдан кейін жігіт мүгедек болып қалған. Ол физикалық тұрғыда жұмысқа жарамсыз. Бұл Олжабайдың ашуына қатты тиген. Ол есейген ұлын жұмыссыз ретінде қабылдады. Ал анасы оны аяп, мүмкіндігінше әкесінің шабуылынан қорғады.

Лобар қайда бару керек екенін, көршілердің өсек-аяңы мен нашар репутациясы тұрмысқа шыққан қыздарға әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, ажырасу туралы ойлаған жоқ. Әйел осылай шарасыз күйде басын төмен салып қана жүрген. Тіс жармаған күйі артық сөз айтпауға тырысқан. Ол тергеу кезінде де солай әрекет етті. Тергеушілер мен прокурорлардың аяушылығын тудырмай, өзінің ауыртпалығын ашып айтқан жоқ.

"Ол тіпті түрмеден құтылуға, жазаны жеңілдетуге тырыспады. Маған екеудің өмірін талдап, Лобардың өмірі туралы мәліметтерді шығарып алуға тура келді. Бәлкім, осы себептен жүргізілген психологиялық сараптама аффектіні анықтамады. Ал алғашқы жауаптарында тергеуші оның кісі өлтіруге дайындалғаны туралы жазып алған. Әрине, Лобардың өз азаптаушысының өмірін қию туралы ниеті болмаған. Тек елестетіңіз: ол өзі тамақ ішпесе де, балаларын тойдырып, алкоголь ішетін күйеуіне міндетті түрде толыққанды түскі немесе кешкі ас дайындап беретін. Оның таныстарының айтуынша, ол ұлдарынан әкелері үшін тамақ қалдыруын сұраған. Себебі аш қарынға ішімдік ішкен әлдеқайда қауіпті. Бұл жағдайда қандай ниет туралы айтуға болады?!" – деді адвокат.

Сот қорғаушының психологиялық сараптаманы қайталау туралы өтінішін қабылдамады. Айыпталушының аффекті дәлелденсе, түрмеге түспеуіне мүмкіндік берер еді. Лобар бұл шешімді сабырмен қабылдады. Ол алқабилер сотынан бас тартты, бұл арқылы, мүмкін, өзінің ауыртпалығын жеңілдетуге болады деп түсінбеген болар... Соттағы соңғы сөзін күйеуі жағынан туыстарының алдында айтуына тура келді. Мұнда тек кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, олардан кешірім сұраумен болды...

Ал олар, өз кезегінде, моральдық залал үшін 5 миллион теңге және Қарамұрттан Түркістанға дейінгі көлік шығындарын өтеу үшін тағы 2 миллион теңге төлеуді талап етті.



Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Лобар Хажиева орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокурор 11 жыл 3 ай түрме жазасын сұрағанын атап өту керек. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Бәлкім, қорғаушылар тарапынан шағымданатындар болады. Олар жазаның тым ауыр екенін айтып, Лобар үшін қайта сараптама өткізуді талап ететінін мәлімдеді.

Ал әйелдің жанына ауыртпалық түсіп отыр, өйткені мүгедек ұлы аналық қамқорлықсыз қалады. Ол тіпті күйеуінің туыстарының кек алуынан қорғау үшін оны кісі өлтіруге қатысушы ретінде айыптауға дайын болды.

Еске салайық, бұған дейін РБК және "Ведомости" басылымдарының бұрынғы журналисі Оксана Гончарова экс-күйеуі Алексей Самусевті өлтіргені үшін жеті жылға сотталғанын жаздық. Сот Мәскеу түбіндегі Электросталь қаласында өтті. Оқиға күні Самусев досымен бірге журналистің пәтеріне шақырусыз келіп, арақ іше бастаған. Алексей мен Оксана арасында жанжал басталып, ер адам қайшыны қолына алып сермеген. Әйел оның қолынан қайшыны жұлып алып, ер адамның өзіне сұққан. Жедел жәрдем Самусевті алып кетті, ол бір күннен соң қаза тапты. Күдікті журналист тергеушілерге 2007 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін түсіндірді. 15 жыл бойы ол бірнеше рет соққыға жығылып, полицияға арыз жазған. 

Талқылау