Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 мыңға сертификат": Жетісу облысында 8 наурызға сыйлық алу үшін 36 миллион теңгеге тендер жариялаған

pexels теңге ақша қаражатФото: pexels

Желіде журналист Жетісу облысында 8 наурыз мерекесіне орай 36 миллион теңге жұмсалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі жазбасында бұл ақшаға тағы 500 әйелге Sulpak дүкенінен сертификаттар сатып алынғаны жазылған.

“Тендерді Жетісу облысы мәдениет басқармасына қарасты Халық шығармашылығы орталығы жариялаған. Сатып алу екі рет өткізілген. Біріншісі – 26 ақпанда, сомасы 20 миллион теңге. Екіншісі – 3 наурызда, сомасы 16 миллион 550 мың теңге. Екі жағдайда да тендерді бір көзден сатып алу тәсілімен Талдықорған қаласының кәсіпкері Маржан Накипова жеңіп алған. Міне, жағдай осындай”, – делінген жазбада.

Фото: Желі кадрларынан

Желі жұртшылығы да бұл жазба астында мұндай сыйлықтың мемлекет бюджетіне алынғанына наразы болды. 

“Егер дұрыс түсінсем, әрқайсысы 30 000 теңгеден 500 сертификат алған. Сонда жалпы сомасы 15 миллион теңге болады. Ал тендердің жалпы сомасы 36 550 000 теңге. Сонда айырмашылық: 36 550 000 – 15 000 000 = 21 550 000 теңге. Қалған ақша қайда кетті? Маржа Маржанға қалды ма?”; 
“Неге бюджет есебінен мұндай сыйлықтар беріледі? Оданда емханалар мен ауруханаларда неге сыйақы берілмейді?”;
“Біздің салық ақшамызды қайтарыңыздар”, – деп жазды көпшілік.


Бұл жағдайға байланысты өңірдің мәдениет басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес бірнеше компанияның коммерциялық ұсыныстарын жинау арқылы жүргізілген.

“Нәтижесінде ең төмен баға ұсынған жеткізуші жеңімпаз деп танылған.  Сондай-ақ билік өкілдері сыйлық сертификаттары үшін неге Sulpak дүкендер желісі таңдалғанын түсіндірді. Олардың айтуынша, бұл желі өңірде ең кең таралған. Дүкендері Талдықорған, Текелі, Сарқан, Жаркент, Үшарал және Сарыөзек қалаларында бар. Сондықтан облыстың әр ауданындағы тұрғындарға сыйлықты алу ыңғайлы болады. Келісімшарттар жасалмас бұрын бұл сатып алуды ішкі мемлекеттік аудит департаменті де тексерген. Тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталмаған”, – деді басқарма. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 15:41