"2 сағат күттік, тапсырыс келмеді": Қазақстандықтар Яндекс.Еда сервисінің қызметіне шағымданды
Stan.kz редакциясына оқырмандарымыздың бірі Яндекс.Еда сервисі арқылы тамаққа тапсырыс жасағанда қиындыққа тап болғанын айтып берді. Оған тапсырыс 50-55 минутта жеткізілуі керек еді. Алайда тамақ 25 минут ішінде дайын болып қойған. Сөйтіп жеткізуші курьер табылмай, тамақты тағы 2 сағат күткен. Бұл жағдай тұтынушыға жағымсыз әсер қалдырған. Осы ретте компанияға хабарласып, қай кезде курьер тапшылығы болатынын және тапсырыс жеткізілмей жатса не істеу керек екенін сұрап білдік.
Фото: Stan.kz / chatgpt.com
Оқырманымыз Яндекс арқылы тамаққа тапсырыс жасаған кезде үлкен қолайсыздыққа тап болғанын айтып, ашуын жасырмады. Қызмет сапасына ренжіген тұтынушыға тек 10% жеңілдік берілген. Бұл оны одан әрі ашуландырған. Мұндай жағдайлар жиілеп кетсе, сервистің беделіне нұқсан келуі мүмкін дейді.
"Жақында Яндекс.Еда сервисі арқылы тамаққа тапсырыс жасадым. 50-55 минутта жеткізілуі керек еді. Бірақ тамақ 25 минуттан кейін дайын болды, ал Яндекс.Еда курьер таба алмады. Курьерді табу 2 сағатқа созылды, ал техникалық қолдау операторы көмектесе алмады. Ақырында 2,5 сағат күткен соң тапсырысты тоқтатуға тура келді. Келесі тапсырысқа 10% жеңілдік беретін промокод қана ұсынды", – деп ызаланды алматылық оқырман.
Фото: Оқырманның жеке архивінен
Алматылық тұрғынның шағымынан кейін Яндекс компаниясынан жағдайға қатысты пікір сұрадық.
"Пайдаланушының мұндай тосын жағдайға тап болғанына өкініш білдіреміз. Егер курьерді ұзақ уақыт табу мүмкін болмаса, қызмет 30 минуттан кейін тапсырысты автоматты түрде жояды. Тапсырыс тексеріліп, оның төлемі толық қайтарылды. Курьерлерді іздеу кейде ұзақ уақыт алуы мүмкін, себебі сұраныс күрт өскен жағдайда, мысалы, ауа райы бұзылып, барлық адам тамақты үйге алдырғысы келеді. Сонымен қатар жоғары жүктемеге байланысты тапсырыстарды орындау уақыты көбеюі мүмкін, әсіресе, қарбалас сағаттарда", – деп жауап берді Яндекс компаниясы.
Компанияның баспасөз қызметі тапсырыстың кешігуі көбіне күннің белгілі бір уақытында болатынын ескертті.
"Егер тапсырыстармен байланысты мәселелер немесе сұрақтар туындаса, қосымшада қолжетімді 24/7 қолдау қызметіне хабарласуды ұсынамыз. Олар сіздің сұрауларыңызды жедел түрде шешуге көмектеседі", – деп түсіндірді Яндекс компаниясы.
Дегенмен компания неліктен Яндекс.Еда сервисінде курьер тапшылығы байқалып жүргеніне көңілге қонымды жауап бере алмады.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде елімізде 9 жастағы баланың курьерлік қызметте жұмыс істейтіні туралы видео тарады, бұл қазақстандықтар арасында наразылық туғызды. Редакциямыз Яндекс Go және Choco жеткізу компанияларынан курьерлерді жұмысқа қабылдау талаптарын сұраған кезде, Яндекс Go қызметі тек 18-55 жас аралығындағы адамдарды қабылдайтынын айтты. Ал Choco компаниясы ешқашан 18 жасқа толмағандарды жұмысқа алмайтынын жеткізді. Қызметкерлердің барлық әрекеті қауіпсіздік жүйесімен бақыланып, тексерілуі қажет екені айтылды.