21 елді аралап, еліміздің жастарымен әлемді шарлап жүрген 24 жастағы қазақстандық кім?
Ерлан Амангелдинов — Қазақстанда танымалдығы күн сайын артып келе жатқан “Sweatberry tours” турларының авторы. 24 жасында 21 елді аралап, өзінің ермегін жұмысына айналдыра білген ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне неліктен ирандықтардың қазақ халқына ұқсайтынын, Геннадий Головкиннің қандай ақыл айтқанын, қандай жағдайда Канадаға оралатынын айтып берді
Ерлан Амангелдинов 16 жасында Малайзияда екі айдың көлемінде тілдерді оқыған, ал 17-ге келгенде Канадаға бизнесті басқару факультетіне оқуға түскен. Жаны еңбекті сүйген Амангелдінов бағын сынап, түрлі қызметтерде жұмыс істеген. Канадада студенттердің сабақ кестесін өз еріктерімен қоюға мүмкіндігі бар.
Болашақ кәсіпкер әрі саяхатшы сабақтарын екі тәулікке қойып, қалған күндерін нанға ақша табумен өткізген. Сабақ пен жұмысты қатар алып жүріп, жергілікті кафеде жинап тазалаушы, қар тазалаушы ретінде жұмыс істеген. Пайдалы әрі дәмді шырындарды дайындаумен айналысқан. Кейіпкеріміздің сөзіне сенсек, ол күніне мұндай шырындардың 300 литрін жасаған. Амангелдинов жалақысының барлығын саяхаттауға жинаған екен. Ал саяхаттағанды жақсы көретін Ерланға сүйікті ісін кәсіпке айналдыру туралы ой Ванкуверде келген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстанға оралған соң, кеңседегі жұмысы көңілінен шықпаған Амангелдинов саяхаттауды ұнататын бір топ адамның басын қосып, өз жоспарын жүзеге асырды. 2019 жылы 30 мемлекетті көруді көздеген кейіпкеріміз бір жарым жылдың ішінде көптеген қазақстандықтардың көңіліне сенім ұялатты.
“Әзірге өзімді кәсіби саяхатшы санамаймын. Дегенмен, сол дәрежеге жетуге тырысып жүрмін. 2018 жылы мен өзім үшін мен жаңа 10 мемлекетті аштым. Биыл 30 елге баруды көздеп отырмын. Саяхаттау — менің ермегім, мен оны жұмысыма айналдырып алдым. Қазақстанда Қуат Болатов, Данат Әлиев сынды мықты саяхатшылар бар. Солардан үлгі алып, солардай болуға тырысамын. Олардан қанша мемлекетке барғанын сұрасаң, “білмеймін, санамадым” деп жауап береді. Ал мен қанша елде болғанымды, қандай елге баратынымды барлығын санаймын.
Өзім саяхаттағанда белгілі бір ерекшеліктерді, өз ісіме ендіруге болатын кәсіптерді байқап жүремін. Келесі жылдан бастап Қазақстанға енгіземін деп жүрген бір-екі идеяларым бар. Турлардың арқасында мен отандастарымызбен ғана емес, шетелдегі жергілікті азаматтармен танысып, олармен достасамын. Байланыс, нетворкинг деген қазір барлығын шешеді. Болашақта басқа мемлекеттерден туристерді елімізге алып келіп, олармен жұмыс істегенде өзіме жеңіл болады. Себебі, көптеген елдерде таныстарым, достарым бар. Олардың арқасында ойымдағыны жүзеге асыру қиынға соқпайды деп ойлаймын”, — дейді ол.
Амангелдиновтың сөзінше, ол осыдан бірнеше жыл бұрын әрдайым өзімен бірге саяхаттайтын серік таппай, қиналатын. Ал бүгінгі күні онымен бірге ел мен жерді көріп, турына қатысқысы келетін адамдар саны бірте-бірте артып келеді. Турдың авторы адамдарға қолжетімді бағамен әлемнің түкпір-түкпірін аралауға мүмкіндік беріп отыр.
“Тур бағасының үстінен қатты қосқан емеспін. Өзімнің негізгі шығыстарымды жауып тастауға тырысамын. Және табысым ары қарай Қазақстанда өмір сүруге мүмкіндік беруін қадағалаймын. Бүгінгі күні жаңа адамдармен таныстым, құрметке бөлендім. Құрметтің жемісін де татып үлгерермін.
Нақтырақ айтқанда, кейін мен адамдарға Бразилияға, Аргентинаға барып келуге мүмкіндік беретін турларды ұсынғанда, олар “бұл кім еді?” “неге оған үш мың доллар беру керекпін, ол жоқ болып кетсе ше?” деп айтпайды. Себебі, менің бір емес бірнеше турларды өткізгеніме көз жеткізеді.
Бізде қазіргі уақытта мысалы тек қана Париж, Барселона секілді танымал қалаларға арналған турлар жоқ. Біз қызықты қаланы таңдап, оның жанына көрікті жерді қосуға ұмтыламыз. Келесі турды Будапешт-Порту-Лиссабон-Мыс Рока бағыты бойынша жүргіземіз. Бізге дейін Қазақстаннан Португалияға, әсіресе Мыс Рокаға ешкім тур ұйымдастырмаған. Мыс Рока — Евразияның ең шеткі батыс нүктесі. Ол жер өте әдемі.
Будапешт-Вена-Прага-Мюнхен деген де тур бар. Осы қалаларға саяхаттап, қосымша түрде Германияның тауларында орналасқан Нойшванштайн сарайын көріп қайтуды жоспарлап қойдық. Біле білсеңіздер, “Дисней” кинокомпаниясының фильмдері, мультфильмдері басталарда осы сарайдың көркем суреті көрсетіледі.
Топпен Исландияға да саяхаттап, солтүстік шұғыласын көріп қайтамыз. Исландияда төрт жарым, Будапештте бір жарым күн боламыз. Сол қалада музыка тарихындағы ең үлкен концерттердің бірі болады, бұл музыкалық кешке де қатысамыз. Концерттің ашылуында Эд Ширан өнер көрсетеді.
Қазақстанда дәл осы мемлекетке ешкім тур ұйымдастырмайтынын атап өткім келеді. Бізде от пен мұздың елі деп аталатын Исландияға саяхаттаудың құны 350 мың теңге. Ресейлік компаниялар біздің бағытпен бірдей турға екі жарым мың евро сұрайды. Біздің ұсынысымыз салыстырмалы түрде алғанда олардыкінен үш есе арзан”, — дейді ол.
“Құласаң жардан құла” дегендей, жас кәсіпкер әрі саяхатшы өзінің ең алғашқы турын 2017 жылы ел мақтанышы Геннадий Головкиннің Сауль Альвареске қарсы кездесуіне тұспа-тұс келтірген. Головкинді құрметтейтін қазақстандықтар Амангелдинов берген мүмкіндікті пайдаланып, Нью-Йоркты көріп, Лас-Вегасқа барып тарихи кештің куәгері болып қайтты. Сосын ары қарай Лос-Анджелеске жол тартты. Танымал қазақстандық спортшы саяхатшыға ыстық ықыласы мен ризалығын білдірген.
“Геннадий Головкин оқудан Қазақстанға қайтып бара жатқанымды біліп, мені мақтады. Өз еліңде жұмыс істегеннің маңызды екенін айтты”, — дейді ол.
Алғашқы турға қатысқандардың ішінде саяхатшының өзінен үлкен азаматтар болған. Сондықтан ол отандастарына жетекшілік етемін деп аз да болсын әбігерге түскенін жасырмады.
Бірінші турды ұйымдастырғанда сұраным тастағандар көп болды. Сосын көбісі одан бас тартты. Себебі, олардың көкейінде бізді лақтырып кетеді деген ой жүрді. Ал қазір біз екі жарым мың долларға Америкаға турлар ұйымдастырамыз, адамдар да алданып қаламыз деп ойламайды. Өздері менің Еуропаға бірнеше рет барып келгенімді көріп тұр.
Сондай-ақ бірінші турға қатысқан азаматтардың ішінде менен үлкендері, маған қарағанда көп жүргенді ұнатпады. Мейрамханада отырып, шәй іше тұрайық деген өтініштер жиі кездесті. Осы жайтты ескеріп, мен жас аралығын өзіммен жасты балаларға түсірдім. Себебі, олар көп жүруге дайын және олар үшін қолайлылық аса қатты маңызды емес”, — дейді саяхатшы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ерлан Амангелдинов бірнеше елдерге шығып, қаншама жерден тәжірибе жинағанымен, форс-мажорлық жағдайлардан сақтанбағанын тілге тиек етті.
“Негізінен, тұтас Еуропа Қазақстанға қарағанда қауіпсіз. Егер Қазақстанда адам өмір сүре білсе, Еуропада да құрып кетпейді. Бірақ кейбір сәттерді ескеру керек. Мысалы, Парижде имигранттар өте көп. Мұқияттылық таныту қажет. Әмиянды немесе телефонды ұрлап кетуі мүмкін. Егер заттарыңызға мұқият қарап жүрсеңіз, проблемалар да болмайды. Бізде тур кезінде Римда төлқұжат жоғалтумен бір оқиға орын алған. Үш сағаттан кейін қайту керек едік. Барлығы Италиядағы соңғы сағаттарында қыдырып үлгеруге, тамақтануға кеткен. Біздің топтағы қыз төлқұжатын жоғалтып алған соң, маған хабарласып, не істеу керектігін сұрады. Мен Италияда орналасқан Қазақстанның елшілігіне хабарластым.
Олар қыздың бірінші кезекте полицияға, сосын бірден елшілікке келу керектігін айтты. Елшіліктегілер құжаттарды дайындап қою үшін оларға қыздың мағлұматтарын жібердім. Полициядағылар да, елшілік те құжаттарды жылдам жасап берді. Сөйтіп біз аман-есен қайтып кеттік”,— дейді ол.
Саяхаттап жүріп біздің кейіпкеріміз өзге ұлттардың ішінен қазақ халқына қайсысы көбірек ұқсайтынын түсінген. Сонымен қатар, басқа елдің мәдениетімен танысу арқылы кейбір мемлекеттер жайлы түйген ойы бұрыс екенін ұққан.
“Түріктер мен ирандықтардың менталитеті қазақтардыкіне жақын. Итальяндықтар да кейбір әдеттерімен бізге ұқсайды. Мен Иранда өте қауіпті деп ойлайтынмын, қателестім. Тіпті, “Иранға барамын” дегенімде “сені өлтіріп немесе ұрлап кетсе не істейсің?” деп айтқандар болды. Қазір өзім аралаған елдердің ішінен Иранды ең қауіпсіз мемлекет деп айта аламын. Негативті сезген де жоқпыз. Адамдары өте жайдарлы, қазақтардан да қонақжай”, — дейді Амангелдинов.
Шамамен 365 күннің 150-ін шетелде өткізіп, 2018 жылы қырық рет ұшаққа мінген 24 жастағы жігіттің саяхаттауды армандайтын, бірақ оны бастай алмай жүрген адамдарға айтар кеңесі де бар. Ол Қазақстандағы туризмді дамытуға үлесін қосқысы келеді. Және осы арманының асқарына жету үшін тобымен бірге сәйкесінше шараларды жүргізуде.
“Қазір Қазақстанда туризмді дамытуды қолға алып жатырмыз. Өз еліміздің азаматтарына Алматыдағы “Медеу”, “Қайыңды көлі”, “Шымбұлақ” сынды көрікті, танымал жерлерді көрсетудеміз. Қазір бізде наурыз айының алтысынан он біріне дейін жалғасатын жаңа турды қостық. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын ұл-қыздар оңтүстік астанаға келеді. Біз алты күннің ішінде оларды қаламен таныстырып шығамыз. Қазір осылай ішкі туризмнен бастап жатырмыз. Ақырындап шетелден де адамдарды кіргізіп осы маршрутпен таныстырып шығамыз. Бізді әркім білетін болады. Уақыт өте келе қазақстандықтар туризмнің жақсы табыс әкелетінін, туристерді ұрудың дұрыс емес екенін, оларды жақсы көру керектігін түсінер деп ойлаймын.
Бүгінгі күні адамдар жылжымайтын мүлікке ақша жинауға қарағанда, көбірек саяхаттайтын болған. Тек қана Қазақстан емес, бүкіл әлем, Еуропада осындай тенденция жүріп жатыр. Адамдар үй алуға емес, саяхаттауға көбірек ұмтылады. Бұрынғы кездері адамзат жылжымайтын мүлікке қол жеткізу үшін жұмысқа орналасатын. Ал қазір табыстарын жалдамалы пәтерлерге, жалдамалы үйлерге жұмсауға тырысады. Қазақстанда да уақыт өте келе осындай өзгерістерге келеді деп сенемін.
Саяхаттауға қорықпаңыздар, сылтау іздемеңіздер. Уақыт, ақша табыңыздар. Көбісі саяхаттаудың құны қымбат деп ойлайды. Әлемнің екінші түкпіріне аттану міндет емес. Ел мен жер көруді өз отаныңнан, жақын орналасқан Өзбекстаннан бастауға болады. Осылай саяхаттауға деген қызығушылық оянады, басқа елдерді көргіңіз келеді. Қазір ел мен жерді аралау бұрынғы кездегідей мүмкін емес дүние саналмайды. Себебі, орташа деңгейдегі адамның саяхаттауға шамасы келеді. Мысалы, жиырма жастағы пойыз жүргізушісі бізбен бірге төрт елді аралап шықты. Қарап тұрсаңыз, жалақысы көп емес. Бірақ ол өмір бойына қалатын естеліктер үшін ақша жинап, мақсатына жетті”, — дейді ол.
Қазақстанда өз-өзін танытып, жастарға әлемді көрсетіп келе жатқан Ерлан Амангелдинов бір жағдайда Канадаға қайтып оралуы мүмкін екенін айтып қалды. Және ол “Қазақстанның болашағы жоқ” деп елден тезірек кетуге ұмтылатын жандар туралы пікірімен бөлісті.
Әрине, оқуды бітірген соң Канадада тұруға ықтиярхат алып, сонда қалуға мүмкіндігім бар еді. Алайда, жаным оны қаламаған соң, еліме қайтып келдім. Сөзсіз, мұнда жүз доллар табу Канадамен салыстырғанда қиынырақ. Әйтсе де, жеке басым Канадада тапқан ақшаны Қазақстанда да табуға болады деп санаймын. Менде “Қазақстанда істейтін ешнәрсе жоқ, Америкаға кетемін, онда ең аз жалақының өзі мың доллар” деп айтатын таныстарым көп.
Иә, мүмкін АҚШ-қа сол мақсатты көздеп барған жандардың жалақысы бірнеше мың долларды құрайтын шығар. Бірақ, олар Америкаға барғанда бәрібір ақшаны орташа деңгейдегі америкалықтардан аз табатын болады. Қоректік тізбектің астында жүреді. Өзім Канадаға тек бір жағдайда оралуды жоспарлап қойдым. Қазақстанда мүмкіндіктерімнің шарықтау шегіне жетіп, барлық шыңдарды бағындырғанда, үйеңкі жапырағының еліне аттанармын. Өзімді Қазақстанда көрсеткен соң, Канадаға кірісемін. Сол елдің табиғаты, климаты өзіме ұнайды”, — дейді Ерлан Амангелдинов.
Игі істі бастап, Қазақстан жастарының дамуына үлесін қосып келе жатқан жігіттің еңбегі үлкен жемістерін берер деп үміттенеміз.
Автор: Айару Шаймерден
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Қазақстандық студенттер оқу ақысының негізсіз қымбаттағанына наразы: ЖОО-лар келесі оқу жылына бағаны қаншаға өсірді
