"230-ақ мың теңге": Қазақстандық салық органдары қызметкерлері жалақының аздығы мен жүктелген міндет көп екеніне шағымданды
Фото: Видеодан скрин
Желіде кәсіпкер Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің жұмысы айлығынан көп екенін айтып, жалақыны көтеруді сұрады. Сөзінше, басшылық 5 жылдан бері жалақы әне міне көтеріледі деп құрғақ уәде беріп келген көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Танымал салық кеңесшісі, “Қазақстан салықтары" заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Екатерина Кимнің сөзінше, мемлекеттік кірістер органдарында ең жоғары жалақы – 230 000 теңге.
“Мемлекеттік кірістер басқармасы мен органдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін көп жылдан бері көтеріп келемін. Неге бұл туралы айтып отырмын? Себебі көп адам салық қызметкерлерінің жұмысын жөнді түсінбейді. Бірақ салық органдары мемлекетке керек маңызды қызмет. Өкінішке қарай, олардың жалақысы бар болғаны – 230 мың теңге. Соңғы бес жыл бойы басшылық жалақы әне міне көтеріледі деп құрғақ уәде беріп келген екен. Алайда, іс жүзінде ештеңе өзгермеді”, – дейді Екатерина Ким.
Бұдан бөлек қызметкерлер жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алмайды екен. Бір жағы жалақы аз, жүктелген міндет көп болғандықтан қызметкерлер жұмыстан шығып кетеді дейді.
“Жалақы төмен болған соң кадрлар жиі ауысады. Мәселен, инспектор кәсіпкер немесе салық органдарымен жұмыс істейді. Сол сәтте оған құжат тапсырады, ал аудит кезінде олар қысымға шыдамай жұмыстан кетіп қалады. Себебі қызметркелерге “қалай болса да, мына сомаларды есептеп шығаруың керек, жоспарды орындауың тиіс” деген міндет жүктейді. Бірақ жалақысы – 230 мың теңге. Маман ауыртпалыққа шыдамай, жұмыстан кетеді. Оның орнына жаңа қызметкер келеді. Қайтадан бәрін басынан түсіндіруге тура келеді”, – дейді Екатерина Ким.
Салық кеңесшісі Екатерина Кимнің сөзінше, мемлекеттік кірістер органдарында кадр тұрақтамауы бірінші жыл емес. Ал басшылық бұл мәселені шешуге әрекет жасап отырған жоқ екен.
“Бұл мәселені бірнеше рет көтердім. Әлі де қызметкерлер үшін әділ еңбек ақысы бекітілетініне сенемін. Неге? Өйткені кадрлардың жиі ауысуы, сыбайлас жемқорлықтың көбеюі кәсіпкерлердің жұмысына кері әсер етеді”, – дейді ол.
Салық кеңесшісінің пікірін мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері қолдап, ол да өз пікірін жеткізді.
“2015 жылдан бері аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істеп келдім. Жақында қызметтен кеттім. Алғаш кірген кезде заңгердің міндеттерін атқардым. Өте қиын болды. Декреттегі заңгердің орнында жүрген бір жарым жыл ішінде облыста әкімшілік істермен айналысатын 5 маман ауысып кетті. Себебі оларға үйрететін адам жоқ. Бірақ мойындаймын, жұмыс орным нағыз мектеп болды. Декреттен кейін басқа бөлімге ауыстым. Сол кезде бір өзіме бірнеше міндет жүктелді”, – дейді ол.
Сондай-ақ ол қазір жалақысы мардымсыз жұмысқа жастардың келгісі келмейтінін айтты.
“Басшылардың жалақысы жақсы. Бірақ қара жұмыстың бәрін салықшылар істейді: анықтайды, тексереді, бәрін түсіндіріп береді де, материалды басшыға жолдайды. Өкінішке қарай, осыншама еңбекке қарамастан, жалақы мардымсыз. 20 жыл еңбек өтілі бар адамның қолына алатыны бар жоғы 200 мың теңге. Қазір аудандық басқармада бар болғаны 8 маман қалды. Ал аудан бойынша 5 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен шаруа қожалықтары бар. Жұмыс істеп отырғандардың көбі зейнет жасына жақындағандар. Ең жас маманның өзі 38 жаста. Жастар бұл жерге келмейді. Осылай кете берсе, 5 жылда кадр жетіспеушілігі анық сезілгелі тұр”, – деп жазды бірі.
“22 жылдық тәжірибесі бар салық қызметкерімін. Бүкіл ғұмырымды осы жүйеде өткізсем де, әлі күнге дейін баспана ала алмай жүрмін. Бұл қаржымды дұрыс жоспарлай алмағандықтан емес, зейнетақы шотымдағы қаражат көлемі жеңілдетілген бағдарламалардың талаптарына мүлде сай келмегендіндіктен”.
“Ең ауыры елдің тұрақтылығы мен өркендеуі үшін күшімізді, денсаулығымызды, кәсіби білігімізді беріп жүрсек те, мемлекет бізге тиісінше көңіл бөлмейді. Әсіресе В корпусы сияқты санаттарға. Біз депутат емеспіз, А санаты да емеспіз сондықтан біздің жалақымыз, өкінішке қарай, олармен салыстыруға келмейді. Ал Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіндегі жалақы бұдан да төмен – 212 мың теңге және одан аз алатындар да бар. Мұнда “ведомство”, “басқарма”, “департамент” деп бөлудің қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің, мамандардың да, бөлім басшыларының да еңбекақысын кешенді түрде қайта қарау қажет. Адам өмірін мемлекетке арнаған болса, мемлекет олардың кем дегенде базалық әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуге міндетті”, – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады. Комитет бұл мәселені мемлекеттік органдар алдында бірнеше рет көтергенін жеткізді.
“Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы Үкіметтің 2017 жылы №646 және 2021 жылы №451 (Саяси және мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы) қаулылары бойынша реттеледі. Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің еңбекақы деңгейі және кадрлардың ауысуы туралы мәселелерді Комитет уәкілетті мемлекеттік органдар алдында бірнеше рет көтерді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ комитет қызметкерлердің өтініші назарға алынғанын хабарлады.