Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

21 жастағы Нұрай өлімі бойынша айып күшейтілді: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне күдіктіге тағылған айыптардың бірі күшейтілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушінің адвокаты Сержан Нұрпейісов айып қатаңдатылғанын жазды.

"Іс 5-тармақтың 2-бөлігі "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша қайта сараланды", – деді адвокат.

Бұл айып бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір қылмыстық істер үш бап бойынша бір уақытта қаралып жатыр:

  • 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру";
  • 125-1-бап – "Некеге мәжбүрлеу";
  • 115-1-бап – "Сталкинг".

Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. 

Іске қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 18:27