Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өлтіріп, денесін өртеп жіберген: Анастасия Чернаяның туыстары соттың үкіміне қарсы шықты

21 жастағы оралдық Анастасия Чернаяны өлтіріп, қылмысын жасыру үшін мәйітті өртеп жіберген қылмыскерге үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Бірақ соттың шешіміне тараптардың көңілі толмады. Жәбірлденушілер сотталушыға жеңіл жаза берілгенін айтады. Үкіммен келіспеген туыстары сот залында тіпті жұдырық ала жүгірді. 

Соттың соңғы отырысы ұзаққа созылмады. Өйткені сотталушы өз кінәсін мойындап қойған. Осылайша бұл іс он күннің ішінде аяқталды. Бірақ судья кескен үкіммен жәбірленушілер де, айыпталушы тарап та келіспейді.

Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлтіріп алды деген баппен айыпталған Темірлан Аманғалиев сегіз жылға сотталды. Бірақ мұнымен марқұмның туыстары келіспей, сотталушыға жұдырығын ала жүгірді. 

"Сот қылмыскердің кішкентай баласы бар деп жұмсақтық танытты. Енді ол жауыз өзіне кесілген сегіз жылдың үштен бірін өтеп, босап шығады. Ал біз мына жақта қан жұтып, қайғырып жүрміз. Адамды өлтіріп, денесін өртеп жіберген қандықол қарақшыға кемінде 10 жыл беріп, түрмеде шіріту керек!" - дейді марқұмның анасы Светлана Лобанова.



Анасының бұл үкіммен айыпталушы тарап та келіспейді. Қорғаушының айтуынша, сотталушы адам өлтірем деп ойламаған. Сондықтан оны бұлай айыптау негізсіз. 

“Мен сотталушының қорғаушысы ретінде үкіммен келіспеймін. Өйткені ол марқұмды абайсызда өлтіріп алды әрі кінәсін толығымен мойындады. Сондықтан сот осыны ескеріп, бұдан да жеңілірек жаза беру керек еді", - дейді сотталушының қорғаушысы Марат Надыршин.

Сот кезінде арадағы дауға ақша себеп болғаны, сотталушы марқұмның  басын бетон қабырғаға соққаны белгілі болды. Осыдан кейін ол есінен танып, кейін өліп кеткен. Қылмысын жасырмақ болған сотталушы мүрдені орманға апарып, бензин құйып өртепті. 21 жастағы Анастасия Чёрнаяның күлге айналған мәйіті кейін қала сыртындағы тоғайдан табылды. Артында екі жасар қызы қалды. 

Сотталушы Темірлан Аманғалиев осыған дейін өзі өлтірген Анастасияны түсінде  жиі көретінін айтып, туыстарынан кешірім сұраған еді. Енді ол марқұмның туыстарына моральдық шығын ретінде 6 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Ал жазасын ол Оралдағы түрмеде өтейді.

Еске салайық, бұған дейін Оралда жас әйелді өлтіріп, мәйітін өртеген Темірлан Аманғалиевке қатысты сот отырысы өткені туралы жазылған. 

Талқылау