21 жасында сал болып қалған ер адам Илон Масктің ми чипімен қалай өмір сүріп жатқанын айтып берді

Илон Масктің “ми-компьютер” деп аталатын даулы имплантатын алған Ұлыбританиядағы алғашқы науқастардың бірі осы футуристік чиппен өмір сүрудің қандай екенін баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Себастьян Гомес-Пенья Ұлыбританияда алғаш рет өткізілген Neuralink құрылғысының клиникалық зерттеуіне қатысып жатыр. Бұл құрылғы пайдаланушыға тек ой күші арқылы компьютерді басқаруға мүмкіндік береді.
“Кенеттен қол-аяғыңның бірін де қозғалта алмай қалу – өмірдегі орасан өзгеріс. Осындай технологиялар жаңа үміт береді”, – деді 2 жыл бұрынғы ауыр оқиғадан кейін мойыннан төмен толық сал болып қалған бұрынғы медицина факультетінің студенті Sky News-ке берген сұхбатында.
Миллиардер әрі технология магнаты Маск бұл имплантат келер уақытта көпшілікке қолжетімді болуы мүмкін екенін айтып, түпкі мақсаты – адам санасын қуатты машиналармен тікелей байланыстыратын жаппай “ми-компьютер” интерфейсін жасап, “жасанды интеллектімен симбиозға” жету екенін мәлімдеген.
Виолончельде ойнауды жақсы көретін әрі регби ойнаған 21 жастағы Гомес-Пенья медицина факультетінің үшінші курсында оқып жүргенде, демалыс кезінде таяз суға сүңгіп, басын соғып алған. Салдарынан жұлынға зақым келіп, сал болып қалған.
Қазір ол ауыр сал ауруына шалдыққан науқастарда құрылғының қауіпсіздігі мен сенімділігін бағалайтын ұлыбританиялық зерттеуге қатысып отырған жеті адамның бірі.
Neuralink компаниясы өз миссиясын “қанағаттандырылмаған медициналық қажеттілігі бар адамдарға дербестігін (тәуелсіздігін) қайтару және адам әлеуетінің жаңа қырларын ашу” деп сипаттады.
Себастьян Гомес-Пенья. Фото: Sky News
Имплантат Лондон университеттік колледжі ауруханасында (UCLH) бес сағатқа созылған операция кезінде орнатылған. Онда ұлыбританиялық хирургтер мен инженерлер Neuralink мамандарымен бірлесе жұмыс істеген.
Операция компанияның R1 хирургиялық роботы арқылы жасалған. Ол мидың нәзік тіндеріне микроскопиялық электродтарды аса дәлдікпен енгізуге арналған.
Құрылғы қол қозғалысына жауап беретін ми аймағының беткі қабатына шамамен төрт миллиметр тереңдікке енгізілген 1024 электродпен жұмыс істейді.
Адам шашынан он есе жіңішке ультражұқа жіптер жүйке дабылдарын бас сүйектегі дөңгелек тесікте орналасқан шағын процессорға жеткізеді.
Одан әрі мәліметтер сымсыз түрде компьютерге беріледі, ал жасанды интеллекті бар бағдарламалық қамтама оның ми белсенділігін түсіндіруді үйренеді.
Имплантациядан кейін Гомес-Пенья қолын қозғау немесе саусағымен түрту туралы ойлаудың өзі арқылы экрандағы курсорды жылжытып, тінтуірдің шертуін тіркей алады.
“Менің жағдайымдағы адамдардың бәрі денесін аздап болса да қозғалта ала ма деп үміттеніп көреді. Енді мен қолымды қозғалтуды ойласам, шынымен… бір нәрсе болып жатқанын көрудің өзі қуантады. Тек ойлағаның жеткілікті”, – деді ол.
Ми имплантаты арқылы тінтуірді басқару мүлде жаңа дүние емес, алғашқы тәжірибелер ондаған жыл бұрын басталған. Дегенмен зерттеушілер соңғы жетістіктерді әсерлі деп бағалайды.
Бұған дейін ғалымдар маймылдар мен адамдардың нейроинтерфейстер арқылы роботтандырылған аяқ-қолды басқарғанын, видеойындар ойнағанын, тіпті интернеттен сатып алу жасағанын көрсеткен.
Соған қарамастан, дәрігерлер Гомес-Пеньяның нәтижесін ерекше жетістік деп атап отыр.
“Бұл – таңғаларлық жағдай, оның басқаруды қаншалықты жақсы меңгергені көрініп тұр”, – деді UCLH ауруханасындағы зерттеу жетекшісі, нейрохирург Харит Акрам.
Neuralink бұл технологияны АҚШ, Канада, Ұлыбритания және БАӘ елдерінде жұлын жарақаты, инсульт немесе бүйірлік амиотрофиялық склероз (БАС) секілді нейродегенеративті аурулар салдарынан ауыр салданған 21 адамда сынақтан өткізген.
Алғашқы науқас – Аризонадан Ноланд Арбо. Оған имплантат осыдан екі жыл бұрын дәл осы айда орнатылған.
Ноланд Арбо. Фото: AP
Ол жұлын жарақаты салдарынан оқуын тастауға мәжбүр болған еді. Енді міне он жылдан кейін білім алуды жалғастыруға мүмкіндік алып, оқуына қайта оралмақ.
“Мектепке қайта келгеніме қаншалықты қуанышты екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жай ғана емтихан тапсыру емес, оны сәнімен тапсыру. Бұл – колледждегі ең жақсы семестрім. (Телепатия) мен мәңгі жоғалды деп ойлаған өмірімнің бір бөлігін қайтара алды, енді өзімді қайтадан өзімдей сезіне бастадым”, – деді ол.
Акрам алдын ала нәтижелер үміт сыйлайтынын айтты.
“Бұл технология ауыр неврологиялық ауруы бар науқастардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Бұл науқастардың дербестігін арттыруға мүмкіндігі өте аз, әсіресе технологияға қатты тәуелді әлемде өмір сүріп жатқанымызды ескерсек”, – деді ол.
Neuralink сондай-ақ камералардан алынған мәліметтерді чип арқылы мидың көру ақпаратын өңдейтін орталықтарына жіберу арқылы соқырлықты кері қайтару мүмкіндігін де зерттемек.
Мидың өзге аймақтарына қол жеткізу үшін электродтарды органның ішкі терең қабатына қауіпсіз әрі сенімді енгізу қажет. Компания бұл бағытта әлі еңсеретін кедергілер бар екенін мойындап отыр. Алайда Neuralink-тің даулы негізін қалаушы Маск бұл технологиядан зор үміт күтеді.

Былтырғы бір іс-шарада ол пайдаланушылар өз құрылғыларын Tesla компаниясы жасаған Optimus роботына қосып, оны толық басқаруы мүмкін деген ойды ортаға салған.
“Шын мәнінде, сіз Optimus роботының денесін де, сенсорларын да толық басқаруға тиіссіз. Осылайша, сіз іс жүзінде Optimus-қа “еніп”, роботтың ішінде бола аласыз. Бұл тек қолдарға қатысты емес, тұтас роботтың өзіне қатысты. Бұл өте керемет болар еді. Болашақ таңғаларлықтай болмақ”, – деді Маск.
Айта кетейік, бұған дейін Tesla адам тәрізді роботтар өндірісі үшін электрмобильдер қатарын қысқартатыны хабарланған еді.