2030 жылға дейін жасанды интеллект 1 миллион қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін: Үкімет не істемек
Фото: istockphoto.com
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун алдағы жылдары жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қанша қазақстандық маманды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ шенеунік мемлекет бұл жағдайды жеңілдету үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын да айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЖИ мен автоматтандыру әсерінен қысқартылуы мүмкін мамандықтардың алдын ала болжамын жасаған.
"Біз вице-министрмен сөйлестік. Алдағы бес жылда 2,5 миллионға жуық маман өз кәсібінің автоматтандырылу қаупіне тап болуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 1 миллион адамды жасанды интеллект алмастыруы ықтимал", – деді Дмитрий Мун.
Мунның айтуынша, үкімет еңбек нарығын жаңа жағдайға бейімдеу үшін шаралар әзірлеп жатыр.
"Бізде 2029 жылдың соңына дейінгі жоспар бойынша 1 миллион азаматты қайта оқытамыз. Қазірдің өзінде Astana Hub платформасында тегін бейнесабақтар қолжетімді, репетиторлар мен жаттықтырушылардан, соның ішінде ЖИ саласындағы мамандардан сабақ алуға болады", – деді ол.
Сонымен қатар тиісті министрліктер жаңа мамандықтарға қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеуде. Солардың бірі – ЖИ жүйелері үшін деректерді белгілеуші (data annotator) мамандығы.
Дмитрий Мунның айтуынша, алдағы уақытта мамандар ЖИ көмегімен автоматтандыруға болатын функциялар мен міндеттерді анықтайды.
"ЖИ тек кейбір типтік, қайталанатын тапсырмаларда жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ адам, әдетте, бірнеше түрлі міндет атқарады. Иә, қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру арқылы жүктемені азайтуға болады. Бірақ әзірге нақты кімнің қызметі қысқаратыны жөнінде нақты болжам жоқ", – деді ол.
Шенеунік ЖИ-дің мемлекеттік басқару процестерін автоматтандыруға ықпал ететінін растады.
"Әрине, жасанды интеллект барған сайын көп процесті автоматтандырады және бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың оңтайлануына әсер етуі мүмкін", – деді Мун.
Сонымен қатар, Мунның айтуынша, ЖИ тек кейбір мамандықтарды ығыстырмай, жаңа жұмыс орындарын да ашады.
"Интернет пайда болған кезде де көптеген кәсіптер өзгерді, бірақ сонымен бірге жаңалары пайда болды. Мен бір мамандықты айтайын, бұл – бағдарламашылар (программистер). Олар ЖИ-ден қорықпайды, керісінше, оны тиімділікті арттыру үшін қолданады. Мысалы, бұрын бағдарламашы бір сайтты екі аптада жасаса, қазір жасанды интеллектің көмегімен бір күнде жасай алады", – деді ол.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр