Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына ауқымды қолдау көрсетілетінін мәлімдеді: "Ауыл аманаты" бағдарламасына 600 миллиард бөлінбек

Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға мән беру керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту қажет дейді. Сөзінше, осы бағытта біршама жұмыс атқарылды.
“Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді”, – деді президент.
Айтуынша, бірлестік құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кететінін айтты. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет дейді.
"Ауыл аманаты" жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беріп жатыр. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді", – деді ол.
Еске салсақ, жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатысқан агроөнеркәсіптік кешен бойынша жабық отырыста елдегі ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқыру мәселесі талқыланды.
Субсидияларды ұрлау немесе оны теріс пайдалану жағдайлары елдің барлық дерлік аймағында тіркелген. 2021 жылы ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 106 қылмысты тіркеді. Бұл істер бойынша 63 адам күдікті ретінде анықталды.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді