Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы қазақстандықтарға ақшаны қалай сақтаған тиімді – Қаржы сарапшылары кеңес берді

Қазақстандық қаржы сарапшылары отандастарымызға 2026 жылы қаржыны қалай жинау керегін, ақшаны қай валютада сақтау тиімді болатынын айтып берді.

Экономист Қуанышбек Дүйсенов 2026 жыл қазақстандықтар үшін “төзім тесті” кезеңі болмақ дейді. Сөзінше, инфляция деңгейі төмендейді, бірақ сонда да баға өсімі тоқтамайды дейді.

“Ресми болжамдар бойынша инфляция 9,5-12,5% деңгейіне дейін түсуге тиіс. Бірақ бұдан баға өсімі тоқтамайды, бұл тек қарқыны баяулайды дегенді білдіреді. Себебі қосымша құн салығының 16%-ға көтерілуі жалпы елдегі тауарлардың қымбаттауына əкеледі. Екіншіден, 2026 жылдың бірінші бөлігіне дейін қазір базалық мөлшерлеме 18% деп сақталғанымен, одан кейін ұлттық банк базалық ставканы біртіндеп 14-15%-ға дейін төмендетуі де мүмкін. Бұл бір жағынан бизнесті несиелеуді жеңілдеткенімен, депозиттің пайдасы азаюына əкеледі. Сонымен қатар банк туралы заң бойынша тұтынушы несиесін алу шектеліп, бизнеске арналған несилеу жеңілдеуі мүмкін”, – деп болжады қаржы маманы.

Қуанышбек Дүйсенов отандастарымызға ақшаны депозитте сақтау ең оңайы болғанымен, басқа инвестициялық құралдарды пайдаланып көруге кеңес берді.

“Депозитте қаржы жинаудың пайдасы ақшаны қандай мерзімге жəне мақсатқа сақтауға байланысты. Дəл қазір өте қысқа мерзімде, яғни 1-2 тоқсанда теңгемен сақтауға болады. Өйткені келесі жылдың жартысына дейін 18%-ға дейін базалық мөлшерлеме қалады деген болжам бар. Сəйкесінше, депозиттердегі қазіргі 20% өзгеруі де екіталай. Ал ұзақ мерзімде сақталу мақсаты қойылса, онда еуро жəне долларда сақтау абзал. Себебі долларда сақталған жағдайда сыйақысы төмен болғанымен, 1% болса да, девальвация кезіндегі "қауіпсіздік көпшігі" рөлін атқарады. Дегенмен депозиттен бөлек, облигациялар мен инвестициялық сақтандыру бағдарламаларына көңіл бөле бастайтын уақыт келді. Бір ғана құралға сеніп отыра беруге болмайды”, – деді Дүйсенов.

Маманның айтуынша, Bank of America жəне басқа да ірі сарапшылар 2026 жылы алтын бағасы 5000 долларға дейін жетуі мүмкін деп болжады. Геосаяси тұрақсыздық, орталық банктердің алтын қорын толтыруы жəне доллардың ұзақ мерзімді құнсыздану қаупі алтынға сұранысты арттырады дейді. Яғни 2025 жылдағы тенденция сақталса, 2026 жылы да алтын құны өсуі ықтимал. Ол азаматтарға қаражатын алтын түрінде сақтауға ұсынады.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов халыққа ақшаны депозитте сақтауды ұсынды. Сөзінше, 40/60 әдісін қолдану қажет. 40%-ын доллармен, 60%-ын теңгемен сақтаған жөн.

Жинағы 100 миллион теңгеден асатындарға қаржы брокерлеріне жүгініп, теңге құралы немесе доллар құралын қолданып көру керек дейді. Ал арнайы уақыт бөліп, ақпараттарды бақылап отыруға дайын болсаңыз, құнды қағаздармен инвестиция жасап, пайда табуға болады.

“Егер депозиттен ақшаны шешіп алып, орнына зат алуды жоспарласаңыз, теңгемен сақтай беріңіз. Долларлық депозит ол ақшаны тұрақсыздықтан сақтауға көмектеседі, бірақ пайда көзі ретінде қарастыра алмайсыз”, – деді Рысмамбетов.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 02 Қаңтар, 2026 10:00