2026 жылы қазақстандықтар үшін несие алу және бөліп төлеумен сатып алу қиындайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тұтынушылық несиелерді азайту үшін банктерге қойылатын талапты қатаңдатпақ. Сонымен қатар, бөліп төлеу қызметін көрсететін компанияларға бақылау енгізбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік 2026 жылға арналған банктер секторының қадағалау саясатының басымдықтарын сипаттайтын құжат жариялады. Құжатта несие беру кезінде тәуекелдерді төмендетуге ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, кепілсіз несиелер үшін ең жоғарғы жылдық тиімді ставка (ГЭСВ) қайта қаралады. Сонымен қатар қарыз алушылардың төлем қабілетін есептейтін қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) әдістемесі де өзгертіледі.
Бұрын хабарланғандай, тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғарғы жылдық тиімді ставка 46%-дан 40%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанда 3–5 жылдық кепілсіз тұтынушылық кредиттер үшін қарыз жүктемесінің коэффициентінің ең жоғарғы мәнін 0,25-тен аспайтын деңгейде шектеу жоспарланған. Бұл дегеніміз, мұндай несиелер бойынша ай сайынғы төлемдер қазақстандықтың айлық табысынан 25%-дан аспауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 50%-ға тең.
Сонымен қатар банктер үшін тұтынушылық несиелер сапасының коэффициенті енгізіледі. Бұл коэффициент бойынша проблемалық несиелер жалпы несие портфелінің және қарыз алушылар санынан 10%-дан аспауы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл шара банктерді несиелеу саясатын консервативті жүргізуге, іріктеу (скрининг) модельдерін күшейтуге және мерзімінен бұрын төлем кешігулерін бақылауды арттыруға ынталандырады деп санайды.
Ипотека бойынша ең жоғарғы жылдық тиімді ставканы есептеу кезінде дифференцирленген тәсіл қолданылады. Бұл тәсіл несие сомасы мен сатып алынатын жылжымайтын мүліктің нарықтық бағасы арасындағы қатынасты көрсететін Loan-to-Value (LTV) коэффициентіне негізделген. Жылдық тиімді ставка бастапқы жарнаның деңгейіне тікелей байланысты болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі электрондық коммерцияда бөліп төлеу және Buy Now, Pay Later (BNPL) қызметтерінің танымалдығы мен өсуін бақылап отыр. Демек агенттік осы қызметтердің қаржы нарығына әсерін назарда ұстайды.
“Халықаралық тәжірибені талдау және қазіргі бөліп төлеу нарығының жағдайын бағалау нәтижесінде жаңа тәсіл қалыптастырылды. Бұл тәсіл қаржылық және қаржылық емес бөліп төлеу формаларын олардың экономикалық мәнін ескере отырып айыруға негізделген. Негізгі критерий несие беру белгілерінің болуы. Оған төлемді кейінге қалдыру, сыйақы, айыппұл санкциялары немесе тауар мен қызметтің төлем формасына байланысты бағалық айырмашылықтар жатады”, – делінген агенттік хабарламасында.
Бөліп төлеу қызметін көрсететін қаржылық емес ұйымдарға банктер мен микроқаржы ұйымдары сияқты қадағалау енгізіледі. Оларға шарттардың ашықтығы, бөліп төлеудің толық құнын көрсету, жауапты несие стандарттарын сақтау және тұтынушылар құқығын қорғау талаптары қойылады.
Мұндай ұйымдар клиенттер мен олардың міндеттемелері туралы ақпаратты несиелік бюроларға тапсыруға міндетті болады. Бұл клиенттер жаңа несиеге жүгінген кезде олардың қарыз жүктемесін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған