Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы еңбек демалысын қай айда алған тиімдірек?

Еңбек демалысы қай айда алған тиімдіФото: depositphotos.com

2026 жылы қазақстандықтар 119 күн демалып, 246 күн еңбек етеді. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі еңбек демалысын қай айда алған дұрыс екенін есептеп көрді. 

Еңбек демалысы үшін төлем мөлшері әрқашан әртүрлі түсетінін байқаған боларсыз. Өйткені демалыс мөлшері айдағы жұмыс күндерінің санына байланысты: жұмыс күндері неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Сонымен:

2026 жылы еңбек демалысына шығу үшін ең тиімді айлар - сәуір, маусым, шілде, қыркүйек және желтоқсан. Осы айларда 22 жұмыс күні бар, сондай-ақ қазан және қарашада 21 жұмыс күні бар.

Ал егер сіз ұзағырақ демалғыңыз келсе, онда еңбек демалысын наурыз, мамыр немесе қаңтарда, демалыс мереке күндеріне түсетіндей етіп алу қажет. Сонда сіз көбірек демаласыз, бірақ әдеттегіден аз ақша аласыз. Тізімде жоқ қалған айларда ерекше айырмашылық жоқ.

Ескерту! Төлем мөлшеріне аурухана, демалыс және тағы басқа факторлар әсер етуі мүмкін.

Жұмысқа орналасқаннан кейін алғашқы еңбек демалысын қашан алуға болады?

Компанияда кем дегенде алты ай жұмыс істеген қызметкер жыл сайынғы ақылы демалысын рәсімдеуге құқылы. Жарты жыл өткен соң қызметкер екі апта бұрын ескерту арқылы өзіне қолайлы кез келген уақытта демалысқа шыға алады.

Ал егер сіз ресми еңбек шартысыз, қолма-қол ақшамен айлық алатын жағдайда жұмыс істеп жүрсеңіз, демалыс мәселесі қиындық туындатуы мүмкін. Өйткені құжат жүзінде жұмыс берушімен ешқандай құқықтық байланыс болмағандықтан, сіз еңбек демалысын талап ете алмайсыз.

Еңбек демалысы неше күн?

Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы ақылы демалыс 24 күнтізбелік күн. Бұл 24 күнді бөліп пайдалануға болады, бірақ оның бір бөлігі кем дегенде 14 күн болуы шарт. Кей мекемелерде еңбек шартына қосымша күндер енгізілуі мүмкін.

Егер еңбек шартыңыз тоқтатылып, демалыс күндерін толық пайдаланбай кетсеңіз, жұмыс беруші пайдаланылмаған күндер үшін өтемақы төлеуге міндетті.

Еңбек демалысына қай уақытта шыққан тиімді?

Демалысқа берілетін төлемдер кейде ай сайынғы табыстан көп болуы да, аз болуы да мүмкін. Сондықтан тиімді айды таңдау үшін бірнеше жайтты ескерген дұрыс.

Еңбек демалысы күнтізбелік күндермен есептеледі: демалыс күндері оның ішінде болады, бірақ олар үшін төлем жасалмайды. Дегенмен ресми мереке күндері есепке кірмейді, сондықтан демалыс мерзімі ұзарады.

Еңбек демалысын аларда ұзағырақ демалғыңыз келе ме немесе көбірек ақша алғыңыз келе ме, шешіп алыңыз. Шешіміңізге қарай еңбек демалысына шығу керек айда өзгереді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Жаңа жылға орай неше күн демалатыны белгілі болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 11 Желтоқсан, 2025 18:20