2026 жылы елімізде ұшатын такси пайда болмақ
Фото: Видеодан скрин
Келесі жылы Қазақстанда ұшатын такси пайда болмақ. Көлік министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, аэромобильдің қонатын алаңы мен басқару жүйелерін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір елімізде ұшу құралын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып, зерттеліп жатыр.
Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті басқармасының басшысы Арман Кетебаевтың айтуынша, қазір қалалық әуе ұтқырлығын дамыту жөнінде жұмыс тобы құрылды.
"Қазір әуе кемесінің біздің климаттық жағдайымызға қалай төтеп беретіні сияқты мәселелер талқыланып жатыр. Алдағы уақытта шетелдік Joby Aviation компаниясымен Меморандумға отыру жоспарланған. Қол қойылғаннан кейін демонстрациялық ұшу және ұшу-қону алаңдарын салуды бастаймыз", – дейді Кетебаев.
Ал урбанист Әлихан Көшербаев министрліктің бұл бастамасын қолдай қоймады. Оның сөзінше, біріншіден елімізде бұндай көліктердің пайда болуы қандай да бір кептелісті азайтып, экологияны тазартуға көмектеспейді. Екіншіден, оған мінетін жолаушылар да көп болмауы мүмкін.
"Ұшатын көлікке төлейтін халқымыз аз деп ойлаймын. Негізі осындай жобалар түрлі қалада, мысалы, Гонконгта бар. Ол жер – әлем бойынша үшінші қаржылық астана. Ал Қазақстанда осындай үлкен кәсіпкерлер жоқ. Негізі қаланың жобалары көпшілікке, қарапайым жандарға арналуы керек", – дейді Көшербаев.
Айта кетейік, ұшақ алдымен жаңадан құрылған Алатау қаласында сынақтан өтеді. Қазір онда аэротаксидің ұшу-қону алаңы әзірленіп, дайындалып жатыр. Жоспар оңынан іске асса, ұшатын такси Алатау-Алматы қалаларымен қоса, Алматы облысының барлық өңірін қамтиды.

"12 жыл күттік": Қазақстандық әйел мемлекеттен тегін 10 соттық жерді қалай алғанын айтып берді
