2026 жылдан бастап Қытайдан көлік алу қымбат әрі қиындай түседі
Фото: freepik.com
Қытай жүрілген автокөліктерді экспорттауға жаңа ережелер енгізеді. Жаңа ереже 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Негізгі өзгерістер тіркелгеніне 180 күннен аспаған автокөліктерге қатысты. Енді мұндай көліктерді Қытайдан шетелге шығару тек өндірушінің арнайы рұқсаты болған жағдайда ғана мүмкін, бұл рұқсат мақсатты елде сервис орталықтарының бар екенін растайды.
Автокөлік бизнесінде үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген кәсіпкер Анатолий Пашкевич жаңа өзгеріс нарықтағы жағдайды өзгертетінін атап өтті.
“Жағдайдың күрделі екені сөзсіз. Бұл туралы әңгіме қыркүйектен бастап қозғалып келеді. Қазір заң жобасы толық қабылданды. Бұл Қазақстандағы автокөлік нарығына қалай әсер етеді? Біріншіден, бағаның қымбаттауына және көліктің жаңа модельдерін жылдам алу мүмкіндігінің жоғалуына әкеледі. Екіншіден, жаңа автокөлік шықса, оны Қазақстанда екі ай ішінде алуға болатын еді, ал енді мерзім жарты жылдан асады, сол уақытта қытайлықтар рестайлинг жасап тастаса, модель ескеріп қалуы мүмкін. Әрине, көптеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін”, – дейді автосалон басшысы Анатолий Пашкевич.
Қазақстандықтар енді автокөліктерді лизингке сатып ала алады
Сарапшылардың айтуынша, Қытайда шетелдіктерге автокөлікті тікелей сатпайтындықтан, бұған дейін қазақстандық дилерлер жергілікті делдалдармен жұмыс істеген. Қытай азаматы автокөлікті өз атына тіркеп, кейін оны Қазақстанға қайта сатып келген. Сол кезде көлік жүрілген болып есептелсе де, Қазақстанға жаңа, жүрілмеген күйінде келеді. Сарапшылардың айтуынша, осындай “сұр экспорт” автокөліктерге қызмет көрсетуде қиындықтар туғызған және ресми дилерлердің бағасын төмендеткен.
“Қытайда қазір 97 автокөлік маркасы бар. Қазақстанда ресми түрде солардың он беске жуығы ғана ұсынылған. Демек, қалғанының бәрін тек жеке тұлғалар арқылы әкелуге болатын. Яғни, ресми дилер бізде сертификаты жоқ көлікті әкеле алмайды. Сондықтан арзан бағамен көлік алғысы келген адамдар, “сұр экспортпен” әкелінген автокөліктерді әлдеқайда арзанға алып келді. Енді бұл мүмкіндіктің бәрі тоқтатылды”, – дейді автосапаршы Алексей Алексеев.
Енді автокөлік концерндері жүрілген автокөліктердің елден шығуына толық бақылау орнатады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалықтар соңында бағалардың өсуіне әкеледі. Қазақстанда тапшылық қаупі болмағанымен, қытайлық автокөліктер орта тап тұтынушылар үшін қолжетімсіз болып қалуы мүмкін.
“Қытай жыл сайын миллиондаған автокөлік шығарады, ішкі нарығындағы бәсекелестік те өте жоғары. Қазір көптеген қытайлық компаниялар сатылым көлемін арттыру үшін Қазақстан нарығына да назар аударып отыр. Қазақстан Қытай үшін, әрине, теңіздегі тамшыдай ғана. Сондықтан тапшылық болмайды деп ойлаймын. Жалпы сұраныс сақталады, бәлкім аздап төмендейді. Бағалар өседі, сәйкесінше сұраныс азаяды, бірақ тапшылық болмайды деп есептеймін”, – дейді тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Айта кетейік, биылғы жылдың тек алғашқы алты айында Қазақстан Қытайдан шамамен 78 мың автокөлік импорттаған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерді қолдануға толығымен тыйым салу ұсынылған еді.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді