Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы "Отбасы банкі" исламдық ипотеканы іске қосады

2025 жылы "Отбасы банкі" исламдық ипотеканы іске қосады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Shutterstock

"Отбасы" банкі, Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB) исламдық қаржы индустриясын дамыту туралы меморандумға қол қойды", – деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.

Тараптар ең алдымен қазақстандық заңнамаға өзгерістер енгізу және исламдық қаржыландыру саласында бірлескен оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізу мүмкіндіктерін зерттейді.

"Қазақстанда ислам ипотекасына сұраныс өте жоғары. Діни қағидаларды ұстанатын азаматтарымыз өсімге ақша алмайды. Бірақ оларға да жеке баспана қолжетімді болуы қажет. Біз бір қоғам, бір мемлекетпіз, бізде діни сенім бостандығы бар. Сондықтан біз діни сеніміне байланысты баспаналы бола алмай жүргендерге қолдау көрсетпекпіз. 2025 жылы алдымызға исламдық ипотеканы іске қосу бойынша жұмысты бастау міндетін қойдық. Бізде ислам ипотекасы қарастырылмаған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заң бар. Ислам ипотекасы бойынша заңнамалық бастамалар заңда "исламдық терезе" деп аталатын жеке бөлімді құруға көмектеседі және ислам ипотекасын алу үдерісін сипаттайды", – деді банк басшысы Ләззат Ибрагимова.

Исламдық ипотекада негізгі қарызға сыйақы төлеу мүмкін болмағандықтан, "Отбасы Банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы үйді қалай сатып алуға болатынын нақты қарастырады.

Сондай-ақ "Отбасы Банкі" CSQlaw Kazakhstan Branch малайзиялық компаниясының филиалымен меморандумға қол қойды. Компания "Отбасы Банкі" қызметкерлері үшін исламдық қаржыландыру және шариғатқа сай қаржылық заңнама негіздері бойынша кешенді оқытуды ұйымдастырады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда исламдық ипотека бағдарламасын енгізу ұсынылған еді. 

Талқылау