Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы "Келешек" бағдарламасы аясында балаларға 1,7 миллиард теңге бөлінген

Фото: Stan.kz

Отбасы банк биыл “Келешек” бағдарламасы аясында бөлінетін бастапқы капитал мен ең төменгі жарна мөлшерін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Келешек” бағдарламасы – баланың болашақ оқуына ақша жинауға арналған. Осы бағдарлама аясында 2025 жылы мемлекет 7 340 баланың білім депозитіне бастапқы жарна ретінде 1,7 миллиард теңге аударған.


Отбасы банкінде "Келешек" жүйесі басталған алғашқы тәулікте 1 000 қазақстандық білім беру шоттарын ашты


"Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі – балаңыздың біліміне арналған капитал


“2026 жылы 5 жасқа толатын балаларға мемлекет 60 АЕК, яғни 259 500 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталын аударады. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 120 АЕК, яғни 519 мың теңге болады. Бастапқы капитал алу үшін Aqyl білім беру депозитін ашу қажет. Қаражат депозитке түскеннен кейін оны сақтау үшін ата-аналар баланың кәмелет жасына толғанына дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін жыл сайын жинақтаушы жарна салып отыруы тиіс”, – делінген “Отбасы банк” хабарламасында.

2026 жылы міндетті ең төменгі жылдық жарна мөлшері 24 АЕК, яғни 103 800 теңгеге өседі. Әлеуметтік осал топтағы балалар үшін бұл көрсеткіш 12 АЕК, яғни 51 900 теңге болады. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар міндетті жарна төлеуден босатылады.

Бұған дейін қазақстандықтар "Келешек" жүйесі арқылы балаларының оқуына қаржы жинай алатыны айтылды. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 19:55