Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы балаларды балабақшаға қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі: Ата-аналар нені білуі керек

Бала-freepik.comФото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері мектепке дейінгі ұйымдарда 2025-2026 оқу жылына топтарды жинақтау қалай жүргізілетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген өңірлерде ваучерлерді бөлу кезек жаңартылғаннан кейін, нақтырақ айтқанда, 1 шілдеде басталады. Бұл Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Қонаев, Қосшы, Талдықорған қалаларына, сондай-ақ Байзақ, Сарыағаш, Жетісай, Сайрам, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарына қатысты.

Ваучер алу үшін:

  1. Келісімді 2 жұмыс күні ішінде растау керек. Ваучер расталмаған жағдайда өтініш белсенді емес болып есептеледі, ал ата-ана немесе заңды өкіл оны 28 күнтізбелік күн ішінде тек бір рет қайта қалпына келтіре алады.
  2. Балабақшаны таңдап, құжаттарды жинап, келісімшартты 5 жұмыс күні ішінде рәсімдеу қажет.

"Егер ваучерден бас тартса, кезек жойылады. Егер қалаған балабақшада бос орын болмаса, ата-ана баланы "күту парағына" қоя алады. Бос орын пайда болған жағдайда жеке кабинетке жаңа хабарлама жіберіледі", – делінген министрлік хабарламасында.

Қалған өңірлерде жас ерекшеліктері бойынша топтар жинақтау 1 тамыздан басталады. Бос орын туралы хабарламалар алдымен кезекте тұрғандарға беріледі. Ата-анаға жолдаманы растауға немесе одан бас тартуға 2 күн беріледі. Егер жолдама расталса, 5 жұмыс күні ішінде құжаттарды тапсырып, келісімшарт жасайды. Қажет болған жағдайда жолдаманы 30 күнтізбелік күнге дейін бір рет ұзартуға болады.

"Егер құжаттардың толық пакеті ұсынылмаса, мерзімі өтіп кеткен болса немесе екпе алмаған балалар саны рұқсат етілген мөлшерден асып кетсе, балабақша құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы", – дейді министрлік өкілдері.

Ата-аналарға құжаттарды алдын ала тексеріп, жеке кабинеттегі хабарламаларды қадағалап отыру қажет екені ескертіледі.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 11:43
Талқылау