Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар

Коллаж: Stan.kz

2025 жыл халықтың есінде қиындығы мен қуанышы қатар жүрген уақыт ретінде қалмақ. Биыл елімізде түрлі мәселелер болғанымен ел ішінде еңсесін түсірмейтін, мойымайтын азаматтар жүргеніне куәміз. Олардың жан тебірентер әрекеттері желіде тарап, көпті сүйсіндірді. Stan.kz ақпарат агенттігі 2025 жылы жұртты сүйсіндіріп, желі қолданушыларын тәнті еткен халық арасындағы қаһарман кейіпкерлердің әрекеттеріне шолу жасады.

Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайымды ел нағыз ер азамат деп бағалады

7 наурыз күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алған еді. Қауіп күшейіп, жағдай ушығып тұрған сәтте Мұса Әбдірайым қызметкердің орнына өзін кепілге алуды ұсынып, қылмыскермен бетпе-бет келді. Қолайлы сәтті пайдаланып, ол шабуылдаушының қолындағы пышақты тартып алып, қылмыскерді жерге құлатуға және ұстап қалуға көмектесті. Осылайша әуежай қызметкері аман қалды.

Жыл адамы 2025

Мұса Әбдірайымның айтуынша, ол сол сәтте өзін емес, қауіпке тап болған қыздың өмірін ойлаған. Азамат кейін құтқарған әйелдің үйіне барып жағдайын да сұрады. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін қазақстандықтар Мұса Әбдірайымды нағыз ер азамат, сабырлы әрі жауапты тұлға ретінде бағалады. Желі қолданушылары оның батылдығын, жанқиярлығын және адам өмірін бәрінен биік қойған қасиетін ерекше атап өтті. Кейін азамат мемлекет басшысының тапсырмасымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Мұса Әбдірайым – 52 жастағы көпбалалы әке. Бұрын спортпен кәсіби түрде айналысып, тай боксы мен жекпе-жек түрлерін меңгерген. Ол Алматы әуежайына туыстарын шығарып салу үшін барған сәтте күтпеген жерден төтенше жағдайдың куәсі болды.

Науқасқа атпен жеткен фельдшер желі қолданушыларының ықыласына бөленді

Биыл наурызда фельдшер Жетісу облысы Ақсу ауданында жатқан медициналық көмекке мұқтаж адамға жергілікті тұрғынның атымен жетті. Қатты жауын-шашын салдарынан жедел жәрдем көлігі балшыққа батып, көрсетілген мекенжайға жете алмады. Науқас әйел көмек күтіп отырған. Фельдшер Саят Мырзанов жағдайды сылтауратып, қол қусырып қалмады. Ол жергілікті тұрғынның атына мініп, онымен бірге науқастың үйіне жеткен. Медицина қызметкері мұндай жағдай тәжірибесінде алғаш рет болғанын айтты. Ол дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік берген адамға алғысын білдірді. Желі қолданушылар да бұл жағдайға видеодан куә болып, дәрігердің қызметіне сүйсінді.

Мектеп оқушылары күзетшіге әсерлі тосынсый жасады

Құттықтау видеосы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Аталған видео қысқа уақытта 3 миллионнан астам қаралым мен 700 мыңнан астам лайк жинады. Кадрлардан бір топ мектеп оқушысының тосынсый жасау үшін күзетшіні қоршап алғанын байқауға болады. Балалар мектеп күзетшісіне шырақ жағылған торт, тәттілер және басқа да сыйлықтар әкелген. Ал ер адам балаларға алғысын білдірді.

"Сіздерді жақсы көремін! Менің отбасым өздерің. Рақмет”, – деді күзетші.

Видео авторларының сөзінше, мектеп күзетшісінің есімі Абдулла екен. Ол білім ордасында үш жылдан бері жұмыс істейді екен. Мектеп оқушыларының айтуынша, күзетші айналасындағылардың бәріне жақсы көңіл-күй сыйлап жүреді. Оқушылардың айтуынша, жақында күзетшінің ұлы қайтыс болыпты. Ұйымдастырушы оқушылар, ұлын жерлеуге бір күнде 200 мың теңге жинап беріпті.

 

Базарда сатушы болып жүріп ағылшынша сөйлеген бала филиппиндік блогердің парақшасында хитке айналды

Алматыдағы базарлардың бірінде сатушы болып жүрген мектеп оқушысы филиппиндік блогердің парақшасында хитке айналды. Серджио есімді блогер TikTok желісінде әлемді аз шығынмен аралаудың тиімді жолдарын үйретеді. Бұл жолы ол Қазақстанға саяхаттап келген. Алматыдағы "Көк базарды" аралап жүріп, ол қазақы стильде безендірілген кәдесыйлар сататын сөрелерге барған. Сауда жасап отырған бала туристің сұрақтарына ағылшынша емін-еркін әрі сенімді жауап берді.

Әңгіме барысында баланың жасы 14-те екені, мектеп оқушысы екені белгілі болды. Блогер бірнеше магнит сатып, алып, орыс тілінде “Спасибо” дейді. Мұны естіген бала: “Ол орысша айтылған, қазақша “рақмет” деп айтасыз деді. Видеоролик 140 мың лүпіл пен 2,5 мыңнан астам пікір жинаған.
Желі қолданушылары баланың алғырлығы мен тапқырлығына таңғалып, қызу талқылады.

Кейін филиппиндік блогерге қазақша үйреткен жасөспірімге швейцариялық және Қазақ Америка университетінен 4 жылдық грант сыйланды. Қазақ тіліне деген жанашырлығымен және патриоттығымен көзге түскен оқушы Нұржол Сатыбалды күтпеген сыйлық алды.

Желіде 1 миллион теңге шайпұл алған даяшының видеосы көпшілікті таңғалдырды

Алматыда оқитын 18 жастағы студент Адэма Асқарова мұндай ғажайыпқа мүлде сенбеген. Айтуынша, шетелде жұмыс істеу бағдарламасына ақша жинау үшін екі жерде жұмыс істеп ақша жинауды жоспарлаған. Бұл шайханаға жұмысқа тұрғанына да бір айға жетпеген.

"Кәдімгідей басқа қонақтарға қалай қызмет көрсетсем, оларға да дәл солай қызмет еттім. Алты адамдай келіп, төртеуі бөлек столға, екеуі бөлек столға отырды. Кейін шот сұрап, QR-мен төледі. Өз тірлігіммен айналысып жүргенде есімімді атап шақырып алды. Сосын мейрамхана туралы пікір қалдырып, видео түсіріп жатқандарын, менің де кадрға түсуімді сұрады. Қарсы болмадым. 

Бір кезде менен “өміріңізде алған ең көп шайпұлыңыз қанша болды?” деп сұрады. Мен 15 мың теңге дедім. “Онда мынау біздің сізге сыйлығымыз деп, 1 миллион теңге шайпұл берді. Басында сенбедім, өтірік ақша немесе бұлар маған әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Сосын бүкіл қонақтар мен өзге де даяшылар қарамас үшін астыңғы қабатқа барып санадым. 20 мың теңгеден 50 дана екен. Сосын 10 минутқа банкоматқа сұранып, жоғалып қалмас үшін бірден шотыма салып алдым. Әрине, бәрі бұл жайтты білді. Жанымда жұмыс істеген даяшылар сәл ренжулі болды. Бәріміз бірге жұмыс істегесін сәл іштей қызыға да қызғана да қарады. Ал әкімшіліктегі қызметкерлер қатты таңғалды”, – деп баяндады ол.


 

Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірім көлік жөндеп, айына 500 мың теңге тауып жүр

Тастөбе ауылындағы ақылды жас механик Бағдәулет Исақұлдың шеберханасына көлігі бар бүкіл жұрт жүгінеді. Оның жас болса да шеберлігіне көпшілік тәнті болған.
Бағдәулет Исақұлдың шеберханасына көрші ауылдардан да көлік жөндетуге келеді. Басқа балалар аулада ойнап жүргенде, Бағдәулет бұранда бұрап, темірге жақын болған. Алдымен велосипедтерді жөндеуден бастаған ол, қазір көлікке көшкен.

“9 жасымнан бастап көршілер мен құрдастарыма велосипед жөндеп беретінмін. 12 жасымнан әкеме көлік бөлшектеуге көмектестім. Қазір 15-темін, болашақ мамандығымды таңдап қойдым. Автоэлектрик болуға оқуға түспекпін. Келешекте жеке кәсібімді ашқым келеді”, – дейді Бағдәулет.

Бұл – отбасылық кәсіп, Бағдәулеттің әкесі де автомеханик. Ал өзі болса, небәрі 15 жасында айына жарты миллион теңге табыс табады. Әкесі ұлына мақтанышпен қарайды. Бағдәулетті үлкендер сыйлайды, кеңесіне құлақ асады. Ал Тастөбе ауылы Тараз қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Халқы шамамен 1500 адам. Ауылда бар болғаны екі механик бар. Бағдәулет болашақта туған ауылында үлкен көлік жөндеу орталығын ашатынына сенімді.

Қазақстанда әйел алғаш рет ғарышқа ұшты

Қазақстанда JLo және Backstreet Boys концерттерін ұйымдастырған компанияның негізін қалаушы Данна Қарағұсова турист ретінде ғарышқа ұшты. Коммерциялық экипажы бар New Shepard ғарыш кемесі суборбитальды рейсте ұшырылды. NS-36 экипажының құрамында қазақстандық БАҚ кәсіпкері Данна Қарағұсова бар, ол ғарышқа ұшатын тұңғыш қазақ әйелі болды. Онымен бірге франчайзингтік кәсіпкер Джефф Элгин, инженер және зерттеуші доктор Клинт Келли III, кәсіпкер және зерттеуші Аарон Ньюман, инвестор Виталий Островский және аты-жөнін атамаған бір адам бар.

New Shepard Ван Хорн (Батыс Техас) маңындағы Corn Ranch ұшыру алаңынан 9:41-де ұшырылды. Ұшу шамамен 10-11 минутқа созылды. Ұшуға дейін Данна Қарағұсова ғарыш кемесінің кабинасынан түсірілген суреттерді Instagram-да бөлісіп үлгерді. New Shepard-тағы ғарыштық туристер үшін ұшу құны 500 мың долларға бағаланады. Қарағұсовадан бөлек кемеде 5 адам болды. Blue Origin нақты бағасын көрсетпеген, бірақ бірінші рейстегі орын 28 миллион долларға аукционда сатылды. Бейресми деректер 200-450 мың доллар аралығында деп жазды.

Данна Қарағұсова – First Media Group маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, сенат пен мәжілістің экс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы. Ал First Media Group – жиырма жылдық тарихы бар маркетингтік холдинг. Жылдамдық, ауқымдылық, шығармашылық және аудиториямен үздіксіз байланыс орнататын маргетинг холдингі.

15 жастағы өнертапқыш ауру белгілерін жасанды интеллект арқылы анықтайтын арнайы бағдарлама жасады

Бағдарлама сегіз түрлі көрсеткішті сараптап, диабеттің бар не жоқ екенін анықтап береді. Егер 0 саны шықса, демек бәрі таза, ал 1 саны шыққан жағдайда қант диабеті болуы мүмкін дегенді білдіреді. Ол дәрігерді алмастыруға емес, қосымша көмек көрсетуге бағытталған. Болашақта бұл жүйе жеке медициналық кеңесшіге айналып, пайдаланушы енгізген белгілерге қарай ықтимал диагноздарды пайыздық көрсеткішпен ұсынып, ең жақын клиника мен мамандарды көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін дәрігерлер әр дертті бөлек тексерсе, Арсеннің бағдарламасына диагноз қою үшін небәрі 3 секунд жеткілікті. Бұл уақытты едәуір үнемдеп, медициналық қызметті жеткілікті етеді.

Өнертапқыштың айтуынша, идея қарындасына ұзақ уақыт нақты диагноз қойылмай, төрт ай бойы тексеруден өткеннен кейін туған. Арсен адамдарға уақытын үнемдеп, жедел диагностика жасауға көмектесетін жүйе ойлап тапқысы келген. Ол ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық мәліметтерімен сынақ жүргізіп, бағдарламаның 80 пайыз дәлдікпен жұмыс істегенін айтты. Қазір оқушы бағдарламаны жетілдіру үшін команда жинауды жоспарлап отыр.

Әйел ауладағы орындықта шаршап ұйықтап қалған курьерді тамақтандырды

Алматы тұрғыны Дана Нукееваның желіде жариялаған видеосы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Видеода ол тұрғын үй кешенінің ауласындағы орындықта ұйықтап жатқан курьерді байқап қалған. Сөйтіп оған тамақ тапсырыс берген. Ал ол бұл видеоны не үшін түсіргенін айтты.

“Бұл видео менің қаншалықты жақсы екенімді көрсету үшін түсірілмеген. Келесі жолы жылы көлігімде отырып, асығып жүрген курьерге ашуланайын деп тұрғанда, балалар алаңындағы орындықта ұйықтап жатқан жігітті еске аламын. Қазан айы, түн ортасы, суық. Шынында мен ұйықтай алмас едім. Сіз де ұйықтай алмас едіңіз”, – деп жазды ол.

Қазақстандық альпинист тұңғыш рет әлемдегі ең биік 7 жанартауды бағындырды

Ғалымжан Құсапанов жер бетіндегі барлық құрлықта орналасқан ең биік жанартауларды бағындыру бағдарламасын аяқтаған тұңғыш қазақ азаматы атанды. Ал әлемдегі 67-інші адам болды. Оның соңғы межесі – Мексикадағы Орисаба жанартауы (5636 м) болды. Онда отандасымыз қолайсыз ауа райына қарамастан, Қазақстанның Мемлекеттік Туын желбіретті.

Қызына тізерлеп гүл сыйлаған әке желі қолданушыларын тәнті етті

Бұл көрініс көптің жүрегін елжіретті. Қызына тізелеп гүл сыйлаған әкенің әрекеті қамқорлықтың, құрметтің символы деп бағаланды. Видео қоғамда ата-ананың балаға деген махаббатының қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салды. Желі қолданушылары “Ренішімізді, еркелігімізді көтеретін ата-аналарымыз аман болсын!” деп тілек білдіріп, сүйсінді. Біразы өз әкесі мен анасын еске түсіріп, балалық шағын сөз етті.

"Шварц-апа": Қазақстандық зейнеткер желі жұлдызына айналды

Арнольд Шварценеггерге ұқсайтын зейнеткер қазақстандықтарды таңғалдырды. 67 жастағы зейнеткер әйел өзінің физикалық мүсінімен желідегілерді таңғалдырған. Үш күннің ішінде оның видеолары TikTok-та бір миллионнан астам қаралым жинапты. Зейнеткердің видеоларын желіде қызы бөліскен.

Тіпті желі қолданушылары зейнеткерді “Шварц-апа” деп атап кеткен. Оған қоса зейнеткердің ауыл ішінде Терминатор сияқты мотоциклмен жүруі желідегілердің оны Шварценеггерге ұқсатуына себеп болған. Әйелдің физикалық мүсініне қызыққандар спортпен айналысуға мотивация алғандарын жарыса жазған.

“Европа қарашы, бұл қазақтың апасы”, “Ауылды ұстап тұрған апа сияқты”, “Шашының өзі 18 жастағы қыздың шашындай”, “Сұлу, мықты әйел. Ұзақ ғұмыр берсін, үлгі тұтамын”, “Қазақтың Томирисі ғой”, “Спортпен айналысуға мотивация алдым” – деп жазды желідегілер.

Қызын көз жұмды деп Америкаға беріп жіберген: Батыс Қазақстанда ару ата-анасын 25 жылдан кейін тапты

Әлеуметтік желілерде АҚШ-та өскен қыздың Орал әуежайында туған ата-анасымен қауышқан сәтін түсірген видео кең таралып жатыр. Оқиға 2000 жылы басталған. Батыс Қазақстан облысының тұрғынына жаңа туған қызының шетінеп кеткені хабарланған. Алайда 25 жылдан кейін баланың тірі екені және осы уақыт бойы шетелдегі асырап алған отбасында өскені белгілі болды. Қыз өзін тәрбиелеген әкесімен бірге Қазақстанға ұшып келіп, туғандарымен кездесті.

Көптен күткен кездесу сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Туыстары бойжеткен қызды құшақтап қарсы алып, 25 жылдан кейін отбасы қайта табысты.

Бейнероликтерде көрсетілгендей, баланың жоғалуына қатысы болуы мүмкін үш дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қыздың әпкесі Айымгүл бұл әсерлі сәттің видеосын жариялады.
"Мейірім – дәріден артық ем": Әжелердің көңілін көтерген қарағандылық дәрігер көпті сүйсінтті
Жүректі ғана емес, жанды да емдейтін дәрігер желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленіп жатыр.



"Бір ауыз бата мың алғысқа татиды": Ақтөбеде сатушы әженің ақшасы жетпегенін байқап, азық-түліктің ақысын өзі төлеп берді

Желідегі мейірімді сатушының әрекеті көптің жүрегін елжіретті. Әсерлі оқиға Ақтөбедегі дүкендердің бірінде болған. Кішкене көкөніс алған әженің ақшасы жетпей қалған. Мұны байқаған сатушы қыз заттарының ақысын өзі төлеп берді. Видеодан әженің алғыс ретінде қызға бата бергенін көруге болады. Желі қолданушылары қыздың осы бір қайырымды әрекетін көпке үлгі боларлық іс деп бағалады.

Бес баласына да велосипед әперіп қуантқан әке көптің жүрегін елжіретті

Бес баласына да велосипед әперіп, қуантқан әке желі қолданушыларының ықыласына бөленді. Балаларының қалауларын сыйға тартқан әкеге көпшілік риза болып, жылы пікірлерін жазды.

“Бауырым, саған да осылай есік алдында көлік сыйлайтын ұрпақ болып өссін!”, “Осындай әкелер, осындай отбасылар көп болсын. Бұл балалар Қазақтың болашағы”, “Бала-шағаңды асыраймын деп әр төккен терің жұмақта өзен болсын”, “Жандарым, игіліктеріңе жарасын. Әкесіне мың алғыс. Табысыңыз еселене берсін”, “Алла да отбасыңызға сыйлаған қуанышыңыз екі еселеніп қайтып, сізге өскенде тұлпар мінгізсін!” – деп жазды желі қолданушылары.
 

Ағасы інісінің дипломына 2 миллион теңгеге жуық көрімдік беріп жұртты таңғалдырды

Інісінің диплом алуымен құттықтап барған ағасы көрімдікке 2 миллион теңге беріп, көпшілікті мәрттігімен тәнті етті. Әлеуметтік желіде Бекзат ағай деген атпен танымал жігіт Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітіріп жатқан інісіне 2 миллион теңге көрімдікті санап берді.

Желі қолданушылары 20 мың теңгенің 87 данасын санап, қолына ұстатты деп жарыса жазды. Енді бірі көрімдіктің 2 миллион теңгеге жетпейтінін айтты.

“Картасын 300 мың салдым, 250 мың теңгеге костюм алып бердім. Бітіру кешіне деп 100 мың теңге, көрімдікке 1 800 000 теңге бердім”, – деп автор.

Желі қолданушылары інісіне барын берген жігіттің мәрттігіне сүйсініп, қызыға қарады.

Анасы баласын жалғыз қалдырып кеткенде көмек берген полицейдің әрекеті көпшілікті сүйсіндірді

Семейде полицейлер іштен есікті жауып алған 3 жасар баланы құтқарды. Семей қаласында анасы бір сәтке сыртқа шыққанда үш жасар бала үйде жалғыз қалып, есікті іштен бекітіп алған. Жылаған баланың дауысы көшеге дейін естіліпті. Оқиға орнынан өтіп бара жатқан потрульдік полиция қызметкерлері жағдайды байқап, дереу көмекке келген. Полицейлер көрші пәтердің балконы арқылы ішке кіріп, баланы аман-есен анасына тапсырды.

Қазақстандық актер Сануржан Сүлеймен АҚШ-та бір адамның өмірін құтқарып қалды

Оқиға Лос-Анджелес маңында болған. Куәгер – актриса Айдана Сахаридің айтуынша, көлік жардан құлап, өртеніп кеткен. Сануржан бір сәтке де ойланбастан жанып жатқан көлікке жүгіріп барып, зардап шеккен адамды сыртқа алып шыққан. Оның ерлігі мен батылдығының арқасында ер адам аман қалды. Кейін оқиға орнына шұғыл қызмет өкілдері келіп жеткен.

Сануржан Сүлеймен 1998 жылдың 9 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген. Үш жасынан бастап журналдар мен жарнамаларға арналған түрлі фотосессияларға бала модель ретінде қатысып, халықаралық балалар байқауларының лауреаты атанды. Мектеп жылдары би өнеріне қызығып, пародиялық қойылымдарға қатысты. Бесінші сыныпта мұғалімдермен бірге мектеп театрын ашты.

2009 жылы 10 жасында "Қазақфильм" студиясы түсірген "Аңшы бала" фильмінде басты рөлге бекітіліп, үлкен кинодағы дебютін жасады. Осы отбасылық балалар фильмінен кейін түрлі жанрдағы кино мен тележобаларда басты және қосалқы рөлдерді сомдап, шығармашылығын жалғастырды.

84 жастағы әже Алакөлде гидроцикл айдап, желіні бір шулатты

Қазақстандық әженің белсенділігі көпке үлгі болып жатыр. 84 жасқа келсе де ақ орамалымен күлімдеп, жастардан қалыспай демалып жүр.

Желі қолданушылары “Қартайғанда осындай апа боламын”, “Жас кезінде мотоциклдің құлағындай ойнаған сияқты ғой”, “осы жасқа жеткенде осылай демалатын шығармыз”, “Өмір адамға бір рет беріледі”, – деп жазды.

Көкшетауда 22 жастағы Шыңғыс есімді жігіттің өмірі бір күнде өзгерді

Көкшетауда 22 жастағы Шыңғыс есімді жігіттің өмірі бір күнде өзгерді. Ол лық толы автобуста телефонмен шахмат ойнап тұрған кезде жанындағы апа оның қолын бірнеше рет ұрып жіберген. Осы сәтті видеоға түсірген Шыңғыстың видеосы желіні шулатты. Көбісі оны апаның тоқпағына қарамай, сабырлы әрекет еткеніне сүйсінген. Онымен қоса Шыңғыстың тартымды екенін жарыса жазған.

Осы видеодан кейін көп ұзамай оған әлемге әйгілі модельдік агенттіктің бірінен ұсыныс түскен. Қазір Шыңғыс виза құжаттарын дайындап, күзде Милан, Париж және Лондон подиумына шығуға дайындалып жатыр. Ол бұның бәріне апаның таяғы көмектесті дейді.

Тұрсен Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлады

Танымал кәсіпкер Тұрсен Алагөзов өзінің "Galanz Bottlers" атты компаниясында қызмет еткендерге пәтер кілтін табыстады. Ол 15 жылдан астам қызмет еткен 100 адамға 100 пәтер берді. Тұрсен Алагөзов бұл идея 2024 жылы келгенін айтты. Алайда сәті биыл түскен көрінеді.

"Бұл адамдар – менімен 20 жыл бойы еңбек еткен қызметкерлер. Комиссия құрып, нағыз мұқтаж жандарды таңдадық. Олардың көпшілігінде бірде-бір пәтер жоқ", – деді бизнесмен.

Сонымен қатар ол баспанаға мұқтаж адамдардың басым бөлігі – қарапайым жұмысшылар екенін ерекше атап өтті. Мысалы, еден жуатын кісілер, жүргізушілер, жүк тасымалына жауапты адамдар. Бұдан бұрын Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлеріне көлік сыйлаған еді. Қасымов Қажымұрат, Печенов Александр, Витмановский Игорь, Іргебай Марат, Габдушев Аскар есімді қызметкерлер су жаңа Haval автокөлігінің иесі атанған.

Кәсіпкерлер Қайрат қақпашылары Шерхан Қалмұрза мен Темірлан Анарбековке көлік сыйлады

Чемпиондар лигасындағы ойыны үшін кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов 18 жастағы Шерхан Қалмұрзаға lexus маркалы автокөлігінің кілтін табыстады. Спортшы қуанышын жасыра алмай, алғысын білдірді. Мұны көрген желі қолданушылары кәсіпкерге алғыс айтып, Шерханға жылы лебіздерін жаудырған.

Клубтың жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза “Реал Мадрид” пен “Қайраттың” ойынында өзін ерекше көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болған еді. Осыған дейінгі "Спортингке" қарсы матчта да 18 жас қақпашы өз икемін көрсетіп, Чемпиондар лигасында пенальти қайтарған ең жас қақпашы атанған.

Одан соң алматылық "Қайраттың" UEFA чемпиондар лигасына шығуына себепші болған қақпашы Темірлан Анарбековке де көлік сыйланды. Көлікті отандық сусын өндіретін компания халықтың атынан сыйлаған. Компания бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Кездесуге Темірланмен бірге жақындары да барған. Кәсіпкерлер футболшының анасына алғысын білдіріп, үлкен гүл шоғын сыйлаған.

Айта кетсек, Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ерекше көзге түсті. Ол кезде қақпашы "Селтиктің" пенальти сериясында үш допты қайтарған. Кейін қақпашы Темірлан "Ақтөбе" командасына қарсы ойында ауыр жараланып, "Реалмен" болған ойынға қатыса алмады.

Арыстағы мектепте 16 жұп егіз бен сыңар оқиды

Түркістан облысында егіздер мен тіпті үшемдері бар отбасылар көп. Арыс қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектепте 16 жұп егіздер оқиды. Жергілікті тұрғындар білім ордасын “егіздер мектебі” деп атап кеткен. Сондай егіздердің бірі – Оңдасын мен Нұрсипат Асылбековтер. Егіз 11-сыныта оқиды.

Мектепте бір әулеттің екі буын егіздері білім алады. Мысалы, Ақнұр мен Бибинұр – бастауыш сынып оқушылары, ал олардың ағасы мен әпкесі, Сара мен Салман, 8-сынып оқиды. Олардың түр-әлпеті ұқсас болғанымен, мінездері мүлде бөлек.

Мұғалімдердің айтуынша, егіз және сыңар балалар көбіне бір-біріне жанашыр келеді, командалық рухы жақсы және олардың өзара қолдауы ерекше байқалады. Балалардың оқу көрсеткіштері орташа деңгейден жоғары, ал сыныптағы атмосфера тіпті өзгеше.

“Оларда бауырмалдық сезімі ерекше. Әрдайым бір-біріне ұмтылады, көмектеседі, мейірімді және жанашыр. Жүректері кең, әрдайым қолұшын беруге дайын балалар”, – деді №32 жалпы білім беретін мектептің директоры Рахима Жүнүсова.

Кейінгі жылдары Түркістан облысында егіздер мен үшемдер дүниеге келетін отбасылар саны жиілеп келеді. Тек бір Арыс қаласының өзінде бүгінде 150 кәмелетке толмаған егіз бен сыңар бар.

Арбаға таңылған жігіттің үйлену тойы көптің жүрегін елжіретті

Желіде арбаға таңылған тараздық жігіттің үйлену тойынан түсірілген видео тарады.
Видео күйеу жігіт Азамат Адамбектің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Кадрлардан арбаға таңылған жігіттің қалыңдығына Қазыбек Құрайыштың “Таптым-ау сені” әнін орындап отырғанын, ал қалыңдықтың көзіне жас алғанын көруге болады.

Сонымен қатар күйеу жігіттің досы жас отбасының тура бір жыл бұрын, яғни былтыр 16 қарашада қыз бен жігіт болып қарым-қатынас бастағанын жазған. Бейнежазба желіде тез тарап, қолданушылардың қызу талқысына түсті. Бірі нағыз махаббат жолында ешқандай кедергі жоғын жазып, жас-жұбайларға бақыт тілеген.

Аталығы жұбын мұзда тастап кете алмаған: Желіде қос аққуды құтқарған қазақстандықтың видеосы жұрттың жүрегін елжіретті

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті тұрғындар мұз басқан Тұлусор атты шағын көлде ажал аузында қалған аққу жұбын құтқарып қалды. Тұрғынның айтуынша, аққулар жылы жаққа ұшарда аналық аққу мұзда қалып қойған. Ал аталық аққу оны тастамай сол жақта күтіп бірге тоңып қалып қойған.

Instagram-да жарияланған құтқару сәтінің видеосы лезде тарап, жұрттың жүрегін елжіретті. Әлеуметтік желіге видеоны Бірлік ауылының тұрғыны Бауыржан Жақыпов жүктеген. Оның айтуынша, алдымен ол әкесімен бірге қатып қалған су айдынында бір аққуды байқап қалған.
Видеода аққу өзін қатып қалған мұздан құтқарып алған ер адамды мойынымен құшақтап алғаны көрінеді. Сол сәтте әкелі-балалы екеуі көлде тағы бір аққудың барын байқап, оған да көмекке асыққан. Белгілі болғандай, екінші құстың да қауырсыны мұзға қатып қалған. Жас жігіт оны абайлап мұз құрсауынан босатып, кейін екі құсты да көлікке алып кеткен. Құтқарылған аққулар жұбын Бауыржан уақытша қораға орналастырған. Оның айтуынша, аналық аққудың табандары сәл үсіп қалған. Ал аталығы қатты әлсіреген күйде болған.

Құстарды құтқару сәті түсірілген ролик 200 мыңға жуық қаралым жинап, 15 мыңнан астам пікір қалдырылған. Елжіреген қазақстандықтар ер адамдарға жанашырлығы мен құстарға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Еңлік Сақтан
Жұма, 02 Қаңтар, 2026 13:00