Мемлекет басшысы 2025 жылды "жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды “жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Тоқаев осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін алға тартты.
“Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі”, – деді ол.
Президенттің айтуынша бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Енді оның аясын кеңейту керек.
"Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді”, – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін президент елдегі кадрлар тапшылығын жою туралы айтқан еді. Онда үкімет колледж түлектерін мемлекеттік қызметке алуды қарастыру керек екені туралы сөз қозғалды.