Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025-те әр алматылық 518 темекі шеккенмен бірдей зиян ауа жұтқан: Алматының тұмшасы рекорд жаңартып жатыр

Фото: Unsplash.com/Alexander SerzhantovФото: Unsplash.com/Alexander Serzhantov

2025 жылы Алматы қаласының тұрғыны тыныстау арқылы 518 темекі шеккенмен бірдей зиян ауа жұтқан. Дерекке сай, PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан 6 есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда, 2025 жылы қолайсыз метеорологиялық жағдайдың салдарынан ауаның ластану деңгейі 30% артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылы Алматы ауасы 30% көп ластанған

Almaty Air Initiative қоры 2025 жылы мегаполистің экологиялық күйі қалай нашарлағанын сандармен көрсетті. Дерекке сай, 2025 жылы Алматы ауасы 2024 жылмен салыстырғанда 30% көп ластанған. Бұрын экологтар алматылық әр тұрғын жылына 70 темекі шеккенмен тең лас ауамен тыныстап жүр деп хабарласа, 2025-те әр алматылық 518 темекі шеккенмен бірдей зиян ауа жұтқан. Қор өкілдері ең ластанған аудандарда бұл көрсеткіш 700–800 темекіге жетуі мүмкін екенін де ескертті.

Зерттеуге сәйкес, бір жылда 60%-дан астам уақыт бойы қала тұрғындары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныс алған. "Таза" күндер саны 148 күнге тең. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 16 күн азайған. Былтыр PM2.5 концентрациясы ұлттық шекті рұқсат етілген концентрация нормаларына 124 күн бойы сәйкес келмеді. Ең күрделі жағдайлар әдеттегідей қыс айларында тіркелген.

Жылдың ең лас күні – 7 желтоқсан

Желтоқсан айында PM2.5 деңгейі 62,4 мкг/м3-ке жетті. Ал жылдың ең лас күні болып 7 желтоқсан тіркелген. Бұл күні лас ауа Қазақстандағы рұқсат етілген нормадан 4 есе, ал ДДҰ жылдық шегінен 10 есе асып – 145 мкг/м3 көрсеткішке жетті. Ал 2024 жылы ең лас күндер 6 ақпанға, 25-26 желтоқсанға түскен еді. Сонымен қатар ең таза күндер де аталды. Олар: 23 қыркүйек, 26-11 мамыр, және жаз, көктем күндері.

"Ластану деңгейінің артуы жылыту маусымының басталуымен тікелей байланысты. Жылыту жүйесі іске қосылғаннан кейін-ақ, қазан айында PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы қаланың барлық ауданында, әсіресе жеке тұрғын үй секторында, күрт өсті. Сонымен қатар экологиялық теңсіздікті де байқадық. Қаланың төменгі аудандарында тұратын тұрғындар таудың етегіндегі тұрғындарға қарағанда ластанған ауаны көбірек жұтады", – дейді Almaty Air Initiative қоры.

Алматының тұмшасы әртүрлі ластаушы заттардан тұрады. PM2.5 және PM10 бөлшектерінен бөлек, ауада азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртегі тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да заттар кездеседі. Ал зерттеуде қор басты назарын ең қауіпті әрі репрезентативті көрсеткіш ретінде PM2.5 бөлшектеріне аударған.

Скриншот air.org.kz

Ауасы ең лас аудан – Түрксіб ауданы

Алматыдағы ауасы ең лас аудан да анықталды. 2025 жылы лас ауа бойынша көшті Түрксіб ауданы бастап тұр. Ал 2024 жылғы көрсеткіште ең көп зардап шеккен аудандар ретінде Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандары аталған еді.

“Түрксіб ауданы ең ластанған аудан – мұнда PM2.5 көрсеткіштері Бостандық ауданынан екі еседен астам жоғары. Бұл әсіресе көмірді көп жағатын, өнеркәсіп орындары мен көлік көп шоғырланған, жер бедерінің ерекшелігі де бар қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде аса қатты байқалады”, – делінген қор ұсынған деректе.

Ауа сапасы бойынша Алматы аудандарының рейтингі:

1. Түрксіб ауданы: 46.8 мкг/м3
2. Жетісу ауданы: 37.9 мкг/м3
3. Алатау ауданы: 37.7 мкг/м3
4. Алмалы ауданы: 30.9 мкг/м3
5. Наурызбай ауданы: 27.1 мкг/м3
6. Әуезов пен Медеу аудандары: 25.8 мкг/м3
7. Бостандық ауданы: 22.1 мкг/м3

Скриншот air.org.kz

Сонымен қатар зерттеуде 2025 жылы әдетте "таза" маусым деп есептелетін жаз айларында да ластану деңгейі шектеулі нормалардан асып кеткені тіркелген. Бұған құрғақ ауа райы, шаң, желдің әлсіздігі әсер еткен. Бұл Алматыдағы смог тек қыста болатын мәселе деген ойды жоққа шығарып отыр.

Сонымен қатар Almaty Air Initiative қоры Алматыдағы ауа көрсеткішін зерттегенде қыс мезгілін бөлек, ал көктем, жаз, яғни жылу маусымына жатпайтын кездерді бөлек зерттеуді ұсынды.

“Жалпы жыл бойы Алматының лас ауасын зерттеп, одан орташа көрсеткішті шығара салуға да болмайды. Себебі әдетте тізімге қарасақ, көктем, жаз, күз айларында көрсеткіш жасыл болып тұрады. Ал қыста ол қып-қызыл болады. Сондықтан жылу маусымын бөлек қарастырып, көктем, жаз, күз айларының көрсеткішін бөлек қарастыру керек. Бірінде жылу электр станциялары мен жеке сектордың түтіні көп болса, жылы маусымдарда көрсеткішке көліктің түтіні көбірек әсер етеді. Жыл бойғы ауаны емес, даталар мен мезгілін қарау керек”, – деп атап өтті Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.
Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 18:57