Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2024 жылы қазақстандықтар рекордтық мөлшерде айыппұл төледі

2024 жыл Қазақстан үшін кейінгі он жылдағы құқықбұзушылықтар саны мен олар бойынша салынған айыппұлдар мөлшері бойынша рекордтық жыл болды. Былтыр өндірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 304,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда (56,9 милллиард теңге) 5 еседен аса жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: istockphoto.com

Құқықбұзушылықтардың өсуі және айыппұлдардың ұлғаюы

Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 15 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37% (10,98 миллион іс) көп. Ал 10 жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда, құқықбұзушылықтар саны 3,5 есе (4,14 миллион іс) артқан.

Сол сияқты құқықбұзушылар саны да өсті: 2024 жылы 14,65 миллион адам жауапкершілікке тартылды, олардың 95,2%-ы жеке тұлғалар болды. Бұл көрсеткіш кейінгі 10 жылда 4 есеге жуық өскенін көрсетеді. 2024 жылғы барлық істердің 84%-ында (12,7 миллион) айыппұл салынған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 38,4% көп. Айыппұлдардың жалпы сомасы 304,27 миллиард теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63,9% артық. Кейінгі 10 жылда айыппұлдардың сомасы 5,35 есе өсті.

Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда тоқтатылған істер саны 20% артты (269 мыңнан 323 мыңға дейін).

Әр азаматқа орта есеппен 1,5 айыппұл

Бас прокуратураның статистикасында әкімшілік құқықбұзушылықтардың 98%-ын қамтитын жеті негізгі сала бар. Бұл істер айыппұлдардың жалпы сомасының 67,5%-ына тең.

2024 жылы барлық айыппұлдың жартысына жуығы жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болды. Көлік саласына қатысты айыппұлдардың жалпы сомасы 139,46 миллиард теңгені немесе барлық айыппұлдардың 46% болды. Бұл істердің өндіріп алу деңгейі өте жоғары – 89,8%. Екінші орында салықтық құқықбұзушылықтар тұр. Олардың жалпы істер санындағы үлесі тек 1,5% болғанымен, салынған айыппұлдар сомасы 35 миллиард теңге болды. Алайда бұл соманың тек 41,8%-ы ғана өндірілді.

Үшінші орында қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзу тұр. Мұндай құқықбұзушылықтардың көбі ұсақ істерге жатады (ішімдік ішу, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарды ластау). Бұл санат бойынша айыппұлдардың жалпы сомасы 9,96 миллиард теңге болғанымен, тек 47,5%-ы ғана өндірілген. 2024 жылдың II тоқсанындағы экономикалық белсенді қазақстандықтардың санына (9,2 миллион адам) сүйене отырып, әр адамға орта есеппен 1,5 айыппұлдан келеді. Ал жүргізуші куәлігі бар азаматтар үшін (2023 жылдың соңында 6,3 миллион адам) бұл көрсеткіш 2 айыппұлдан келеді.



Еске салайық, бұған дейін петропавлдық ер адам көлігін 5 минуттан артық қыздырып, айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ер адамды полицияға көршілері ұстап берген. Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет бойынша, көршілерінің бірі оның әрекетіне наразы болып, "102" нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырған. Соның нәтижесінде көлік иесіне 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынған. Бұл жағдай өңір тұрғындарының арасында қызу талқыға түсті. Олар мұндай айыппұлдың әділетсіз екенін айтты. Себебі ауа температурасы кейде -40 градусқа дейін төмендейтін аймақта көлікті 5 минутта жылыту мүмкін емес. Бұл тұрғыда өңірдің климат ерекшеліктері ескерілмегені сынға қалды.

Талқылау