Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2024 жылғы Қазақстандағы ең маңызды саяси оқиғалар: Бұл еліміздің болашағына қалай әсер етеді?

Биыл Қазақстанда бірқатар маңызды саяси жағдай болды: Әлихан Смайылов бастаған үкімет отставкаға кетті, атом электр станциясын салуға қатысты референдум өтті, ең бастысы жаңа заңдар қабылданды. Кейбір мәселе ел азаматтары арасында қызу талқыланды. Дегенмен кейбір политологтар аса маңызды саяси заңдар қабылданбады деп ойлайды. Осы тұста саясаттанушылар Stan.kz тілшісіне биыл Қазақстанда қандай саяси өзгерістер болғанын толығырақ айтып берді. 

Әлихан Смайылов басқарған үкімет отставкаға кетті

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, биыл жыл басында болған әрі есте қалған саяси оқиғаны бірі – үкіметтің басшысымен қоса орнын босатқаны. 2024 жылғы 5 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен премьер-министр Әлихан Смайылов басқарған үкімет отставкаға кетті. Әлихан Смайылов 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Асқар Мәминнің орнына келген. Кейін 2023 жылғы сәуірде, қыркүйекте министрлер кабинеті қайта жасақталды. Дегенмен екі жылдық қызметінен соң үкімет орнынан түсті. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, дәл осы саяси шешімнен соң ғана ел үкіметі толық трансформациядан өтті.

“Бұрынғы премьер-министр Смайылов экс-президент Назарбаевтың үкіметінде Қаржы министрі қызметін атқарды. Ал енді ол үкіметтен кетті. Оның орнына бұрын үкімет құрамында болмаған Олжас Бектенов тағайындалды. Қалай болса да, үкімет толық трансформацияға ұшырап, басқарушы орган Тоқаевтың жолын қолдайтындардан құралды”, – дейді саясаттанушы. 

Ал саясаттанушы Николай Кузмин үкімет басшысы кеткенімен, министрлер кабинетінің құрамы аса өзгермегенін айтады.

“Әрине, жаңа үкіметтің істеген жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен елдің саяси жағдайына үлкен өзгеріс әкеле қоймады. Бір жылда ондай нәтижеге жету де мүмкін емес деп ойлаймын”, – дейді Николай Кузьмин.

Атырауда Ұлттық құрылтай өтті

15 наурызда Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Онда президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі саудасы, лудомания, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия, вандализм сияқты мәселелерді көтерді. Саясаттанушы Николай Кузмин президенттің ондағы сөйлеген сөзі үкімет пен қарапайым халыққа бағытталғанын айтады. Құрылтай ел назарын аударды, дегенмен онда қозғалған мәселелердің шешілуі халық пен атқарушы органның қолында дейді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев биыл саяси заңдар емес, құрылтайда көтерілген тұрмыстағы, отбасындағы зорлық-зомблық мәселесі және оған қатысты бекітілген заң басты мәселеге айналғанын жеткізді.

“Ең өзекті мәселе – әйелдер мәселесі, өйткені жыл сайын жүздеген, мыңдаған әйел отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Бұл қорқынышты. Бұл ондаған, тіпті жүздеген мың адам агрессормен бірге өмір сүреді дегенді білдіреді. Менің ойымша, қазақ қыздары бұған лайық емес. Олар еркін бола алуы керек. Сондықтан отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданған заң – жылдың ең басты әрі өзекті, дұрыс шешімі”, – дейді Ғазиз Әбішев. 

Қазақстан тұңғыш рет әлемнің "орта державаларының" бірі атанды

Германияның "Foundation for Science and Politics" (SWP) ғылыми-талдау орталығы "Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды акторлар" деген мақалалар жинағын басып шығарды. Сол жерде Қазақстан алғаш рет “Орта державалар” болып саналатын елдердің бірі атанды. SWP сарапшыларының пікірінше, Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Орталық Азия мемлекеттерінің арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, бұл оқиғаны Қазақстанның биылғы саяси жетістігі деуге болады. Себебі "Орта державаларға” жаһандық саяси және экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын елдер кіреді. 

АЭС-ке қатысты референдум өтті 

Қазақстанда Атом электр станциясының салынатыны туралы хабар қоғамда, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ел азаматтарының кейбірі АЭС-тың пайдасын айтса, енді біреулер оның қандай қауіпті екенін алға тартып, қарсылығын білдірді. Дегенмен 2024 жылғы 6 қазанда өткен референдум нәтижесі бойынша, Қазақстан халқының 70%-дан астамы қолдап дауыс беріп, елде АЭС салынатын болды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, АЭС-ке қатысты референдум мемлекеттегі биліктің, оппозицияның текетіресін, қарсылығын, Қазақстанның ішіндегі әртүрлі державаның мүддесін, Қазақстанның әртүрлі елмен қарым-қатынасын, билік орталықтары арасындағы күш тепе-теңдігін көрсетті. Саясаттанушы бұл саяси оқиғаны маңызды санайды, себебі болашақта салынатын АЭС-тің елге пайдасы көп болады дейді.

“АЭС бойынша референдум құрылыс үшін үлкен перспективалар ашады, технологиямызды модернизациялауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы бізді ұлы державаға айналдырмайды. АҚШ, Қытай, Аустралия, Канада сияқты әлемнің жетекші елдерінде ауылшаруашылық өндірісі жоғары деңгейде. Алайда бұл сектор олардың ЖІӨ-нің бірнеше пайызды ғана екенін ескеру керек. Енді алдағу уақытта АЭС-ті салып, оны ұтымды қолдана аламыз ба, әлде ресурсымыз біткенше оны сатып жүреміз бе, уақыт көрсетер”, – дейді Ғазиз Әбішев. 

Дегенмен саясаттанушы Дос Көшім АЭС-ке қатысты референдум елдің биылғы саяси ахуалына ешқандай өзгеріс әкелмеді дейді. Ол, керісінше, Тоқаев реформасы кері кетті деп ойлайды.

“Қазақстанда сайлау, референдум қалай өтетінін, дауыс қалай саналатынын әлеуметтік желіден-ақ көріп-біліп отырмыз. Референдум – алдын ала шешіліп қойған, тек “халық қолдады” деген тұжырымды бекіту үшін ғана өткізілетін саяси жағдай деп есептеймін. 1995 жылғы Конституция, Тоқаевтың Конституцияны өзгертуге қатысты сайлауы және осы референдум да солай өтті. Сондықтан, меніңше, бұл референдум Тоқаевтың реформасын кері тартты. Бұл Қазақстанда әлі де бұрынғы көзқарас, бұрынғы бағыт қалғанын ғана көрсетеді. Биыл өткен референдум билікке “Міне, біз халықтың алдынан өттік” деген астардағы “карт-бланш” қана берді. Ал оның қалай өтетінін өздері бақылап отыр. Әрине, қазақстандық азаматтар әлеуметтік желіде белсенді болып, көзқарасын білдірді, ашуын көрсетті, қарсылығын танытты. Дегенмен референдум нәтижесіне қарап-ақ, одан еш пайда болмағанын көруге болады”, – дейді саясаткер Дос Көшім. 

Дос Көшім рефрендум нәтижесіне қарамастан келешекте Қазақстанда Атом электр станциясының салынғанына қарсы екенін айтады. 

“Қазақстан жері күн сәулесінен, желден қуат ала алады. Сол себепті дәл ондай деңгейдегі электр қуатын беретін АЭС-ті салудың қажеті шамалы. Меніңше, осы “АЭС-ті саламыз” деп мемлекет ұлттық қордағы қаржысынан айырылады немесе тағы да қарызға батады”, – дейді саясаткер Дос Көшім. 

Бюджет тапшылығы 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, 2024 жылы аса маңызды саяси заңдар аз қабылданды, себебі жылдың көп бөлігі су тасқынының салдарын еңсеруге кетті. Бұл жағдай экономика үшін үлкен сынақ болып, бюджеттегі қаржы айтарлықтай тапшы болды. Екінші жартыжылдықтағы бұл дағдарыс бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру қажет екенін айқындап берді.

“Бюджетіміз әлеуметтік міндеттемелер мен түрлі субсидияға толы. Сол себепті бюджетті дұрыс бөліп, баланс сақтауды үйрену керек, біршама қатаң шешім қабылдау керек. Бұл сау, тұрақты экономиканы құру үшін қажет”, – дейді Ғазиз Әбішев. 

Еуропаның екі елінің басшысы Қазақстанға келді

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев 23 рет шетелге іс-сапарға барған. Қазақстанға да түрлі елдің басшылары жиынға келіп, бірқатар мәселені талқылады. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің сөзінше, Франция мен Германия президентінің елге келуі Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы орнының нығаюына септігін тигізді. 

“Бұл басшылардың келгенінің пайдасын қазір қарапайым халық сезбеуі мүмкін. Дегенмен болашақта осы кездесулердің арқасында елде инвестициялар көбейіп, өнеркәсіп орындары ашылуы, экономикалық жағдай жақсаруы мүмкін. Осылай, ел азаматтарының да әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы жақсарады”, – дейді Талғат Қалиев. 

Қазақстан БРИКС-пен серіктес атанады

Жыл соңында Қазақстанның 2025 жылдан бастап БРИКС-пен серіктес атанатыны белгілі болды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Саясаттанушы Айдос Сарым БРИКС-пен серіктес атанғанның арқасында болашақта кәсіп саласында салық мөлшерлемесі азаюы, қосалқы салықтардан босауы мүмкін екенін айтады. Ал Николай Кузьмин БРИКС-тен келіп-кетер пайда жоқ дейді. 

“Қазақстанның БРИКС-пен қарым-қатынасы жаңалық емес. Оның үстіне, біздің еліміз мүшесі емес, жай ғана серіктесі атанды. Оның еш пайдасы жоқ. Себебі Қазақстан қарыз, қаражат алса да, БРИКС-ке мүше елдерден алмайды. Бұл одақ Қырғызстанға, Тәжікстанға, әскери қуатты болғысы келетін Ресейге ғана ыңғайлы”, – дейді саясаттанушы. 

2025 жылы елде қандай саяси өзгеріс болуы мүмкін?

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, 2025 жыл дүниежүзіндегі кез келген мемлекетке оңай кезең болмайды. Себебі Сириядағы, Ресей мен Украина арасындағы және тағы басқа елдегі конфликт жағдайдың қалай аяқталатыны белгісіз.

“АҚШ-қа да жаңа президент сайланды. АҚШ Қытайға қатысты қатаң шаралар қабылдауы, Украинадағы мәселені реттеуі мүмкін. Меніңше, АҚШ-тың Украинаға қатысты шараларына Қазақстан белсенді қатысады. Трамп Тоқаевқа хабарласқанда осы мәселені талқылады деп ойлаймын. Оған қоса жалпы келер жылы Қазақстан халықаралық саяси жағдайына ден қояды”, – дейді саясаттанушы. 
Талқылау