Қазақстанда 2022 жылдың қазанында тіркелген әр үшінші компания шетелдіктерге тиесілі
Ресейде 2022 жылдың қыркүйегінде мобилизация жарияланған соң жаппай ресейліктер жаппай өзге елдерге көше бастады. Нәтижесінде елде кәсіп ашқан шетелдіктер саны көбейген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі DataHub Telegram-арнасына сілтеме жасап.
DataHub мәліметінше, қазанда елімізде 4 739 жаңа компания тіркелген. Олардың үштен бірі (1 580) шетелдіктерге тиесілі.
“Үлес және саны бойынша бұл – рекордтық көрсеткіш. Шетелдік басқару формасындағы компаниялардың тек біреуі үлкен, үшеуі орта деңгейде. Мұндай кәсіпорындардың жартысына жуығы Алматыда тіркелген (717 компания)", – дейді сарапшылар.
2022 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанда шетелдік 9 184 компания ашылыпты. Ал 2020 және 2021 жылдары ашылған шетелдік компаниялардың саны 6,7 мыңнан асады.
2022 жылы ашылған әр бесінші компания шетелдік екен.
"Наурызда Қазақстаннан қолма-қол ақша шығаруға тыйым салынғаны естіңізде шығар? Осы кезде шетел азаматтарының үдере көшуі басталған еді. Мұнымен рубль де көптеп кіргізілді. Маусымның соңында қазақстандық банктердегі Ресей валютасының қоры 30 миллиард рубльге жақындады, ал мәселені Ұлттық банк шешті... Дәл осы кезде теңгедегі ақша аударымдары рубль аударымнан бірінші рет асып түсті. Бұл тенденция әлі де жалғасып жатыр. 2022 жылдың ІІІ тоқсанында рубльге қарағанда теңге көбірек шетелге шығарылды", – делінген хабарламада.