2011 жылдан бері қазақстандықтардың жалақысы доллармен есептегенде екі есе төмендеген
Фото: Stan.kz
2011 жылдан бері қазақстандықтардың нақты жалақысы 1,6 есе өскенімен, доллармен есептегенде екі есе төмендеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржыгер Бақберген Тоқтасын өзінің мақалаларының бірінде нақты жалақының индексін теңге мен доллар бойынша салыстырған. Екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мұның екі себебі бар:
Біріншіден, жалақы теңгедей есептеліп, индексацияланады, ал оны долларға аударғанда валюта бағамының әсері қосылады. 2015 жылы теңгенің еркін ауысымды жүйеге көшкеннен кейін валютаның кенет әлсіреуі халықтың доллармен есептегендегі жалақысын айтарлықтай төмендетті, бірақ ел ішінде жалақы өсті.

Фото: economykz.org
Екіншіден, баға мен тұтыну құрылымы айырмашылықты арттырады. Көптеген тауарлар мен қызметтер жергілікті болғандықтан олардың бағасы ішкі себептерге байланысты өседі, ал доллармен есептеу сыртқы, яғни халықаралық сатып алу қабілетін көрсетеді.
Сондықтан теңгедегі нақты жалақы өсіп отырса да, оның сыртқы құндылығы төмендеуі мүмкін. Бұл импорттық тауарлар мен қызметтерді, шетелдік білім, емдеу және демалысты қолжетімсіз етеді. Осыған байланысты валюталық жинақтарға және доллармен жалақы алуға қызығушылық артады.
Осы жағдайға байланысты экспорттық секторда табыс табатындар көп нәрсе жоғалтпайды, ішкі нарық қызметкерлері көп шығынға батады. Экономика деңгейінде бұл импорттық тауарлар мен қызметтерді тұтынуды және адами капиталға инвестицияны шектейді, ол теңсіздікті күшейтуі мүмкін.
Сонымен қатар, осы кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі соңғы 10 жылда жақсы өсіп, 55%-ға артса, медианалық жалақы тек 24%-ға ғана өскен.
“Елдегі жағдайды жақсарту үшін қазақстандықтардың нақты табысын тұрақты арттыруға және еңбек өнімділігін көтеруге бағытталған шаралар қажет”, – дейді экономист.
