Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазМұнайГаз Инвест" пирамидасы қазақстандықтарды миллиард теңгеге алдап кеткен

Күдіктінің үйін тінту сәтіФото: видеодан кадр

Шымкентте "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы жылдам табыс табуға уәде берген "ҚазМұнайГаз Инвест" қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қаржы мониторинг агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, күдіктілер салымшыларды әр 15 күн сайын 50% кіріс түсетінін айтып, алдаған.

"Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті "ҚазМұнайГаз Инвест" қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты.

Алаяқтық схема азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы құрылған. Ұйымдастырушылар "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген. Күдіктілер салымшыларға әр 15 күн сайын 50% кіріс түсетінін айтып, оларды алдаған", – делінген ведомство хабарламасында.

Алайда ешқандай бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен төленген.

Агенттік мәліметінше, бастапқы салым сомасы 500 мың теңгеден басталған. Салдарынан шамамен 200 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған.

"Заңсыз жолмен алынған кірістерге күдіктілер Түркістан облысында жалпы құны 438 млн теңгеден асатын екі қымбат көлік ("Tank 500", "BMW X5"), тұрғын үй және коммерциялық нысан (мейрамхана) сатып алған. Бұл мүліктер тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген.

Сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды", – делінген хабарламада.

Қазір қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 10:04
Талқылау