20-дан астам адам зардап шекті: Алматыда бірнеше көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды
Фото: zakon.kz
Алматының шетіндегі Бұрындай тас жолында МАЗ краны, №10 автобус және бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды. Салдарынан 23 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, бір сәтте кран жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, Mercedes пен Kia көлігін қағып, жол бойына шығарып жіберген. Сосын жүрісін жалғастырып, қарсы жолақта жолаушылар отырған автобуспен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан автобус Subaru көлігіне соғылған. Жеңіл көлік айналып, автобустың артқы жағына қағылған.
Болжам бойынша, Mercedes көлігінде әйел бес баласымен бірге отырған. Олардың жағдайы әзірге белгісіз.
Фото: zakon.kz
Соңғы мәліметтер бойынша, автобустың 20-дан астам жолаушысы медициналық көмекке жүгінген. Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауы керек.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Полиция мәліметінше, апат салдарынан 23 адам зардап шеккен.
“Аталған жол-көлік оқиғасы 14 шілде сағат 18:10-да болды. Бұрындай тас жолынан шығысқа қарай кетіп бара жатқан МАЗ жүк көлігі қатарлас келе жатқан Mersedes және KIA көліктеріне соқтығысып, жолдың қарсы бетіне шығып автобус пен Subaru маркалы көлікке соқтығысқан. Салдарынан 23 адам әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінді. Қазір дерек бойынша ресми тергеу басталды”, – делінген хабарламада.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
