Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 млрд долларды қайтаруды сұраған": Қаржыгер Эпштейннің хаттарында Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласының есімі аталды

Фото: kloop.kg

Қаржыгер Джеффри Эпштейннің жаңадан жарияланған хаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласының есімі аталды. Құжаттарда Рахат Әлиевтің АҚШ-қа көшуге көмектесуді және 2 миллиард долларды (1 038 000 000 000 теңге) қайтаруды сұрағаны көрсетілген. Оның айтуынша, Әлиев бұл қаржыдан Қазақстандағы бизнесі тәркіленген соң, айырылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Хаттарға сәйкес, Әлиев 2007–2008 жылдары Қазақстанда ықпалынан айырылған соң Еуропада жасырынған. Ол өз активтерінің тәркіленуі экс-президент Назарбаевты Батыс елдерінің алдында ұятқа қалдырады деп үміттенген. Осылайша Вашингтондағы RJI Government Strategies компаниясын жалдаған. Сондай-ақ 20 конгрессменнің кеңселерімен байланысып, америкалық заң шығарушылардың Қазақстанға барып-келуін ұйымдастыруға тырысқан. Компания жариялаған материалдарда Әлиевті саяси қуғынға ұшыраған тұлға ретінде көрсеткен.

Алайда Барак Обама әкімшілігі бұл мәселеге араласпауды шешкен. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоагланд құпия жеделхаттарында Әлиев пен Қазақстан билігі АҚШ-ты өз мүдделеріне пайдалану үшін әрекет етіп жатқанын ескерткен.


Назарбаевтың немересі “Қайрат” – “Реал” матчынан кейін Рахат Әлиевтің еңбегі туралы айтты


Нұрәлі Әлиев "Транстелекомдағы" үлесін сатқанға дейін миллиардтаған дивиденд алып үлгерген


Айта кетейік, 2014 жылы желтоқсанда Австрия Рахат Әлиевке екі банкирді өлтірді деген айып тақты. Әлиев өз кінәсін жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын айтқан. Оның үстіне, сот алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдеген.

2014 жылы 19 мамырда Австрия билігі оны қамауға алу туралы ордершығарды. Екі аптадан кейін Әлиев Венаға келіп, өз еркімен билікке берілді.

Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы тергеу изоляторында шамамен сегіз ай отырды. 2015 жылы 24 ақпанда ол камерада асылған күйінде табылды. Ресми нұсқа бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған.

Ал 2015 жылы шілдеде Вена соты "Нұрбанк" топ-менеджерлерінің өліміне қатысты күдіктілердің екеуін, яғни Әлиевтің кеңесшісі Вадим Кошляк пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Әлнұр Мұсаевты қамаудан босатты. Сот оларды Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы жоқ деп таныды.

Сонымен бірге сот Кошлякты банкирлерді ұрлау ісіне қатысқаны үшін кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Оның сегіз айын қамауда өтеуі тиіс еді. Алайда оның тергеу барысында қамауда өткізген уақыты есепке алынып, босатылды.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Рахат Әлиев пен Қайрат Сатыбалдыны бизнеске рейдерлік жасады деп айыптағаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 13:19
Талқылау