Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“2 айда 1,1 миллион адам тұмаумен ауырған”: Министрлік елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік мәліметінше, 23-29 қазан аралығында елімізде жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) 106 930 жағдайы тіркелген. 2024 жылы дәл осы кезеңде көрсеткіш 1,5%-ға жоғары болған.

Ал эпидемиологиялық маусымның басынан бастап ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 29 қазанына дейін ЖРВИ-дің 1 128 140 жағдайы тіркелген. Науқастардың 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

“Маусым басталғаннан бері А типті тұмаудың (H3N2) 45 жағдайы, оның 23-і балаларда  зертханалық расталды. Сондай-ақ, тұмауға қарсы емес вирустарға 1456 зертханалық зерттеулер жүргізілді, 30% жағдайда оң нәтижелер алынды. Көбінесе риновирус (60%), паратұмау (14,4%) және бокавирус (10,5%) анықталады”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік желіде тараған “инфекциялық ауруханаларда орын жоқ” деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Еліміздің стационарларында 7 222 инфекциялық төсек орналастырылған, оның 39%-ы қазір жұмыс істеп тұр. Инфекциялық бөлімшелердің шамадан тыс жүктелуі байқалмайды. Барлық өңірлерде науқастар санының одан әрі өсуі жағдайында төсектердің жеткілікті резерві бар", – делінген хабарламада.

Министрлік әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға да тоқталды.

“ДДҰ деректері бойынша, Еуропада тұмау вирустарының белсенділігі артып келеді - алты елде ауру деңгейі базалық деңгейден асып кетті, Испания мен Норвегияда індет тіркелді. Тұмаудың 129 жағдайының 98%-ы А типті вирусқа жатады”, – делінген хабарламада.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 20:18
Талқылау