Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 адам қаза тапқан жол апаты: Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты тергеу ісі аяқталуға жақын

Фото: Stan.kz collage

Ішкі істер министрлігінің орынбасары Санжар Адилов хабарлауынша, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонованың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының тергеу ісі аяқталуға жақын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазіргі уақытта соңғы кешенді автотехникалық сараптама нәтижесі күтіліп отыр.

ІІМ орынбасары журналистерге берген түсініктемесінде іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша тергеліп жатқанын атап өтті.

"Тергеудің негізгі әрекеттері дерлік аяқталды. Сараптама нәтижесіне сәйкес айып тағу немесе істі сотқа жолдау жөнінде шешім қабылданады", — деді Санжар Адилов.

Аталмыш бап бойынша айыпталушы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады және кейбір қызмет түрлерін атқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында орын алған. Полицияның мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігін жүргізген Гулайым Рахмонова рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Оқиға салдарынан екі әйел қаза тауып, спортшының жұбайы мен баласы ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған еді.

Кейін Жамбыл облысының полициясы оқиға орнынан видеоматериалдарды жариялады. Кадрларда аударылған джиптің кузовы айтарлықтай зақымданғаны, бір дөңгелектің бекіткіштен ажырап кеткені және көліктің сынықтары айналаға шашылғаны көрінеді.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 15:38
Талқылау