1Win заңсыз казино ісі бойынша Lamborghini, Maybach автокөліктері мен миллиондаған теңге тәркіленді

Алматы облысы бойынша Қаржы мониторинг агенттігі департаменті заңсыз интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңсыз қызметті жасыру үшін кейбір компаниялар жалған адамдардың атына тіркеліп, бір-бірімен байланысып жұмыс істеген.
1Win интернет-платформасы 11 мыңнан астам онлайн ойынға, сондай-ақ спорттық және киберспорттық оқиғаларға бәс тігуге жағдай жасаған.
“Бәс қабылдау және ұтыстарды төлеу банк карталары, электронды төлем жүйелері және криптовалюта арқылы жүзеге асырылған. Күдіктілер халықаралық іздеуге жарияланып, оларға қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторинг агенттігі.
Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған күдіктілердің мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа дейінгі тәркілеу шаралары қолданылған. Оның ішінде:
- Mercedes Maybach S500;
- Lamborghini Huracan;
- Toyota Land Cruiser автокөліктері;
- Банк шоттарындағы 151 миллион теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро бар.
Сот қаулысымен жалпы құны 420 миллион теңгеден асатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
"Табысын инфляция жеп қояды": Ұлттық банк неге қазақстандықтардың зейнетақысын тиімсіз басқарып отыр