Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

700 миллион теңге жымқырған: Шымкентте аудан әкімі аппаратының басшысына сот үкімі шықты

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық сотында шенеунікке қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Шымкент аудан әкімінің аппараты

Шымкенттегі ауданаралық қылмыстық сотында М-ға қатысты аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы қызмет бабын пайдалана отырып ысырап ету (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) бойынша тергеу жүргізілді.

Ал К мен Б-ға аса ірі  мөлшерде бөтеннің мүлкін топ адаммен ұрлау, аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару және құжаттарды қолдан жасау (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы), 28-бабы 3-бөлігі - 245-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары), 385-бабы 2,3-бөліктері) фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Соттың дерегінше, 2019 жылы Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы М өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы кәсіпорын директоры Б және құрылтайшысы К-мен бірге қылмыстық мақсатта әкімдіктің бюджет қаражатын жымқырған. Айыпкерлер тұрғын үй аулаларын абаттандыруға арналған сметалық құжаттарды (қоқыс жәшіктері, шағын беседкалар, орындықтар, ойын және жаттығу алаңдары) материалдардың құнын асыра отырып әзірлеу арқылы шамамен 700 миллион теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етті.

Осылайша К ұйымдастырушы ретінде Б-мен бірге декларацияларға әдейі бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық төлеуден жалтаруды ұйымдастырып, мемлекетке 194 миллион теңгеден астам зиян келтірді. 

Сонымен қатар Б салық органдары алдындағы қарызын жасыру мақсатында 130 миллион теңгеден астам сомаға банк кепілдігін жасау үшін банк фирмалық бланкін қолдан жасаған.



Прокурор сотталушыларға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жәбірленушілердің өкілдері заңға сәйкес жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамай, оларды ақтауды талап етті.

"Заң бойынша жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін негізгі жаза ретінде жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сотталушылардың кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен дәлелденді. Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып – кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, әрқайсысына қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, М-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды", – деді сот.

Сондай-ақ Б ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатылды. Сөйтіп қылмыстық іс бұл бөлікте тоқтатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында 4 шаруа қожалығының өкілдері алаяқтық жасап, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді субсидиялауға бөлінген 1 млрд теңгені жымқырғанын жаздық. Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу барысында залал өтелді. Алаяқтық жасағаны үшін үш күдікті сот үкімімен 5 жылға сотталды. Сотталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді.

Талқылау