Алматыда есірткі сатқан 19 жастағы жігіт 10 жылға сотталды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында психотроптық заттарды өткізу мақсатында сақтады деп айыпталған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Соттың мәліметінше, 2023 жылдың қазан айында, күдікті П адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен телеграм канал арқылы 12,04 грамм мөлшерінде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденген, кейіннен өзінің басқаруындағы автокөлікте сақтаған.
Полиция қызметкерлерімен күдіктінің басқаруындағы автокөлікті тоқтатып, тінту барысында автокөліктен 25 дана психотроптық заттар анықталған.
“Алқабилердің қатысуымен шығарылған соттың үкіміне сәйкес, П-ның адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденгендігі және сақтағаны дәлелденді. Сотталушының жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай анықталмады. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның жасы (19 жас) танылды. Сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Швециядан пошта арқылы есірткі тасымалдаған Қазақстан азаматы 18 жылға сотталғаны туралы жазған едік.