18 жастағы орыс қызы қазаққа келін болуды армандайды
Семейде мемлекеттік тілді өз ана тіліндей жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – Диана Милосердова. Қаладағы Медицина университетінің 1 курс студенті ұлты орыс болса да, қазақ тілінде сайрап тұр. Ол тіпті Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа біледі,деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Диана 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Жастайы¬нан қазақ балаларымен бірге өскен Диана қазақ тілін жан-жақты меңгеруге талпынғанын айтады. Қазірде мақсатына қол жеткізген қыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.
«Мен қазақ тілін қазақ балаларымен ойнап жүріп үйрендім және мұнымен мақтанамын. Ұлтымыз орыс болса да, ата-анам менің қазақ тілін жетік меңгерсем деген ниетімді қолдады. Солардың арқасында және қазақ достарымынң арқасында осы тілді үйрендім»,-дейді Диана.
Қазақ тіліндегі газет-журналдар мен кітаптарды үзбей оқуды әдетке айналдырған Диана поэзияны ұнатады. Әсіресе, Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқиды. 8 сыныптан бері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі қазақ тілі және әдебиет пәндерінен өткен байқаулардан шет қалмай, жүлделі орындарға ие болып жүр.
«Сайысқа қатысқан сайын шыңдаламын» деген ол таяуда университет атынан этностар арасындағы қазақ тілі сайысында бас жүлдені алған. Мемлекеттік тілді білуінің арқасында көп ішінен топ жарып жүрген қыз сонысымен мақтанады да.
«Негізі барлық қазақ ақындарының өлеңдерін оқимын. Бірақ Абай атамыз бен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері ерекше ұнайды. Мектеп кезінен бастап қазақ тілінен өтетін байқаулардан шет қалмауға тырысамын. Жақында Өскемен қаласында Астананың 20 жылдығына орай өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен облыстық байқау өтті, 14 қатысушы болды. Солардың ішінен үздік шықтым»,-дейді ол.
Диананың ата-анасы мен бауырлары да мемлекеттік тілде сөйлейді. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрпына құрметпен қарап, ұлттық мерекелерді атаусыз қалдырмайтынын айтады. Болашақта бойжеткен қазақ жігітінің жары болуды армандайды.