"18 секундта үлгерді": Вице-премьер не себепті жеңілдетілген автонесие бағдарламасы алынып тасталғанын түсіндірді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты жағдайға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Үкімет брифингінде журналистер вице-премьерге үкіметтің жеңілдетілген автонесие бағдарламасын лизингке айналдырғанын айтты.
Роман Склярдың сөзінше, 2022 жылы "ӨКМ операторының" шотындағы 220 миллиард теңгенің 100 миллиард теңгесін жеңілдетілген автонесиелерге бөлу туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде 15 мыңнан астам адам жылдық 4 пайызбен 7 жылға дейін несие алды.
"Біз оны лизингке айналдырған жоқпыз. Ай сайын осы 100 миллиардтан қайтарылатын қайталанатын қаржыландыруға тағы 1,2 миллиард теңге құйып, оны азаматтарға жеңіл автокөлік сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиеге аударамыз деп уәде бердік. Алайда, осы 1,5 мың ықтимал несиеге 100 мыңға жуық адам 18 немесе 28 секунд ішінде өтініш беріп үлгерген”, – деді вице-премьер.
Роман Склярдың айтуынша, револьверлік әдіспен пайдаланылған ақша қалалық автобустарды жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен жалға алуға жұмсалды.
"Біздің ойымызша, бұл әділетті. Өйткені оны барлық азаматтарымыз пайдаланады. Көлігі жоқтардың саны автокөлік әуесқойларынан әлдеқайда көп. Әрине, көңілі толмайтындар да бар. Несиеге көлік алған сол 17 мың адам әлеуметтік желіге қуанғанын, шенеуніктердің жақсы екенін жазбайды. Ал бұл автокөлік несиесін алмағандар наразы. Біз мұны жақсы түсінеміз. Бірақ қалаішілік тасымалдау қажеттілігін қанағаттандыру үшін шешім қабылданды", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді бірнеше несиесі барларға да автонесие берілетіні туралы айтылған еді. Қарыз ұсынғалы отырған қаржы ұйымдары жаңа көлік мінуге ниетті адамның борыш жүктемесіне қарамайды. Тек кейінгі алты айдағы төлем тарихы ескеріледі.