Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемнің 8 еліндегі қазақтар туралы фильм түсіріледі

Шетелдегі қандастар туралы “Қиырдағы қазақтар” деректі фильмі түсіріледі, деп хабарлады ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

2091757 (1)

Бұл туралы Sputnik хабарлайды.

“Жақында Мемлекет басшысы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шет мемлекеттердегі қандастарды қолдауға қатысты бірқатар тапсырма бергені белгілі. Соның бірі – оларды тарихи Отанына таныстыру, арадағы байланысты күшейту. Осыған орай, министрліктің тапсырмасымен “Қазконтент” АҚ-ның “National Digital History” порталы шетелдегі қандастарымыз туралы деректі фильмдер сериясын түсіруге кіріседі”, — дейді Абаев.

Түсірілім қазақ диаспоралары шоғырланған 8 мемлекетте – Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран және Ауғанстан елдерінде жүргізіледі.

“Жобада сол елдердегі қазақтардың тұрмысы, тарихы, ерекше дәстүрлері, мәдениеті қамтылуы тиіс. Бұл шетелдегі қандастарымызбен арадағы байланысты одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенемін”, — дейді министр.

Сондай-ақ, National Digital History порталында экспедиция жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына тікелей ақпарат жеткізілетін болады.

Бұл бастама қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, шетелдегі қазақтардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік береді, деген сенімде жоба жетекшілері.

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 20 Шілде, 2017 06:19
Талқылау