Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

17 жыл құлдықта ұстаған Назгүл мен Құндыз қамқоршысының үйінен арнаулы орталыққа көшірілді

Құндыз бен НазгүлФото: Видеодан скриншот

Түркістан облысында туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлі Назгүл мен Құндыз қамқоршысы Зүлфия Төленованың үйінен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығына көшірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Онда ол Назгүл мен Құндыздың жаңа баспанасын көрсетті. Журналистің сөзінше, олар Жамбыл облысына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында уақытша ғана тұрады, кейін қыздардың жағдайына сай тұрақты баспана қарастырылады. 

“Уақытша осында боласыңдар, барлық жағдайды жасайды. Мен құжаттарды рәсімдеп, реттеп болғаннан кейін Алматыға алып кетемін”, – деді журналист.

Сондай-ақ журналист кеше әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Кадрлардан апалы-сіңлінің кішісі Құндыздың Руслан Өтепбайға қатысты балағат сөздер айтқанын байқауға болады.

Ол көпшіліктен арандатуға ермеуге шақырды.

“Видеоға мән бермеулеріңізді сұраймын. Бұл видеоны түсіріп, таратқан адамның мақсаты – психологиялық тұрғыда әлсіз, аурушаң қызды пайдаланып, ел алдында жаманатты ету. Құндыздың еркелігін көтере алмасам, несіне аға боп жүрмін”, – деп жазды ол.

Мән-жайы

Желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тарады. Аталған жәйт қазақстандықтарды шошытып, қызу талқыға түсті.

Жағдайды журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында мәлімдеді.

“Қамқоршысы асырап алған қызының аузы мен қол-аяғын скотчтап тастаған. Анығын білейін деп, қамқоршысы Зүльфияға хабарластым. Бірақ әңгімесі қисынға келмейді. Байлаған мен емес деп ақталып жатыр. Мен сенбеймін. Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары, Тараз қаласының полиция департаменті мына мәселені назарға алыңыздар!” – деп журналист полицияға жүгінген.

Айта кетейік, бұған дейін 17 жыл құлдықта болған Құндыз өзін қамқоршысы байлап тастағанын айтқан еді. Дерек бойынша “Азаптау” бабы бойынша іс қозғалды. Кейінірек 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлінің қамқоршысы өзге балаларды да ұрып-соғатыны белгілі болды.

Еске салайық, Түркістан облысына қарасты Шілік ауылында 27 жастағы Құндыз бен 33 жастағы Назгүл есімді қыздарды аға-жеңгесі құлдықта ұстап, жылдар бойы қорлап келген. 17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды.

Қазір қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова. Ол – 17 балаға қамқоршылық жасап отырған ана. Екі қызды да өз қамқоршылығына алған. Зүлфия Төленова қыздардың тағдырына әрі қарай өзі жауапты екенін алға тартты.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 11:47