Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлінің қамқоршысы өзге балаларды да ұрып-соғатыны белгілі болды

Зүлфия Төлегенова қарауындағы барлық балаға қол көтеретін болып шықтыФото: Видеодан скриншот

Жақында желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тараған еді. Кеше Құндыз өзін қамқоршысы байлап тастағанын мәлімдеді. Ал бүгін Зүлфия Төленованың өзге де асыранды балаларды ұрып-соғатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, оқиғаның жай-жапсарын баяндаған. Ол қиналып жүрген Құндыз бен Назгүл ғана емес екенін, өзге асыранды балалардың да зардап шегіп жүргенін айтты.

Кадрлардан Зүлфия Төленованың жасөспірімді шашынып жұлып, жұлқығаны, тағы бір ұлын шапалақпен ұрғаны көрінеді. 


Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Құндыз бен Назгүлдің қазіргі жағдайын көрсетті

Дәрілерін уақытында ішпеген”: Журналист Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Назгүл мен Құндызға қатысты шындықты айтты


Қамқоршының өзі бұл әрекетін “балалар мені мүлде тыңдамайды” деп түсіндірді.

“Үйге дайындап қойған тамақты көшедегі итке тасиды. Қарап тұрып дәретін сындыра салады. Мен оған не істеуім керек? Мен қазір біреудің баласы түгілі, өз немереме қарағым келмей кетті. Өйткені тыңдамайды, не істеймін басқа?” – деді ол.

Руслан Өтепбайдың мәліметінше, 2025 жылғы 29 желтоқсанда асыранды балалардың арызы бойынша Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ журналист Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, балалардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтергенін жазды. Оның айтуынша, дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алайда қамқоршы бұл ақпаратты “жала” деп атады.

Мән-жайы

Желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тарады. Аталған жәйт қазақстандықтарды шошытып, қызу талқыға түсті.

Жағдайды журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында мәлімдеді.

“Қамқоршысы асырап алған қызының аузы мен қол-аяғын скотчтап тастаған. Анығын білейін деп, қамқоршысы Зүльфияға хабарластым. Бірақ әңгімесі қисынға келмейді. Байлаған мен емес деп ақталып жатыр. Мен сенбеймін. Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары, Тараз қаласының полиция департаменті мына мәселені назарға алыңыздар!” – деп журналист полицияға жүгінген.

Айта кетейік, бұған дейін 17 жыл құлдықта болған Құндыз өзін қамқоршысы байлап тастағанын айтқан еді. Дерек бойынша “Азаптау” бабы бойынша іс қозғалды.

Еске салайық, Түркістан облысына қарасты Шілік ауылында 27 жастағы Құндыз бен 33 жастағы Назгүл есімді қыздарды аға-жеңгесі құлдықта ұстап, жылдар бойы қорлап келген. 17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды.

Қазір қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова. Ол – 17 балаға қамқоршылық жасап отырған ана. Екі қызды да өз қамқоршылығына алған. Зүлфия Төленова қыздардың тағдырына әрі қарай өзі жауапты екенін алға тартты.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 12:40