16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткен – Цифрлық даму министрі түсініктеме берді
Фото: primeminister.kz
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткеніне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың жеке деректері интернетке әлдеқашан тарап кеткен және оны белгілі бір тұлғалар бір дерекқорға жинаған.
"Ол жаңа деректер емес. Мемлекеттік деректер базасы бұзылған жоқ. Желіде тарап кеткені тарихи деректер болуы мүмкін. Ол қазіргі уақытта даркнетте қолжетімді. Ол деректер Telegram арналарында пайда болған кезде, біз оны бұғаттаймыз. Бұл деректер 2024 жылғы 1 мамырға дейінгі деректер. Жаңа деректер тараған жоқ.
Бұл тарап кету емес, бұзу емес, хакерлік шабуыл емес. Ол бұрын тарап кеткен дерекқор. Кейін белгілі бір адамдар ол деректерді жинаған", – дейді Мәдиев.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 16 миллионнан астам азаматтың жеке дерегі желіге тарап кеткенін жазған едік. Тарап кеткен деректердің ішінде азаматтардың аты-жөні, туған күні, ЖСН, телефон нөмірлері мен мекенжайлары бар. Осы жайтқа байланысты цифрлық даму министрлігі тексеріс басталғанын хабарлады.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
