Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

20,78 миллиард теңге: Конституция референдумына бөлінген қаржының қайда жұмсалатыны айтылды

Фото: Gov.kz

15 наурызда өтетін жаңа Конституция бойынша республикалық референдумды өткізуге үкімет резервінен 20,78 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 15 наурызда өтетін республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге Үкімет резервінен 20,78 миллиард теңге бөлінеді.

Соның ішінде 20,65 миллиард теңге Орталық сайлау комиссиясына бағытталады. Қаражаттың негізгі бөлігі 15,69 миллиард теңге (75%) барлық деңгейдегі 71 044 комиссия мүшесінің еңбекақысын төлеуге жұмсалмақ. Ал 4,96 миллиард теңге ақпараттық жұмыстарға, бюллетеньдерді басып шығаруға және комиссиялардың қызметін қамтамасыз етуге қарастырылған.

Сондай-ақ сыртқы істер министрлігіне 123,6 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат 62 елдегі 80 шетелдік сайлау учаскесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің іссапар шығындарын жабуға жұмсалады.



Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойған еді. Кейін Қаржы министрлігі референдумға кететін шығын бұрын жұмсалған 15,5 млрд теңгеден көп болатынын айтты. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 11:31